«Енді алдын ала келісім деген болмайды»: Жамаубаев мемлекеттік сатып алу жүйесі туралы

Жарияланды
Тендер конкурстық жүйесі толығымен автомандырылады / коллаж kursiv.media

Мемлекеттік сатып алу конкурстық жүйесі автоматтандырылып, комиссия құрылмайтын болады. Осылайша алдын ала келісім жасау мен конкурс нәтижесіне шағымдану мүмкіндігі болмайды.

Премьер-министрдің орынбасары әрі Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев baq.kz басылымына берген сұхбатында мемлекеттік сатып алу жүйесіне қандай өзгерістер енгізілетінін айтты.

Негізгі проблема неде? Министр осы сұраққа жауап іздеу кезінде Мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру дұрыс жүргізілмейтінін анықтаған.

«Көп жағдайда жергілікті атқарушы орган жол, мектеп немесе басқа да құрылыс жұмыстарын жүргізеді. Сол кезде қандай да бір компаниямен алдын ала келісіп алып, соған конкурсты ұтып беруге жағдай жасағысы келеді. Енді мұндай қитұрқы әрекет жасай алмайды», – деді Жамаубаев.

Министр конкурстық процедураның толығымен автоматтық жүйеге көшетінін айтады. Яғни қызмет көрсету немесе тауарларды сатып алу кезінде мемлекеттік сатып алуға өтініш берген компаниялар цифрлық жүйеге жоспарларына сай балл қойып, рейтинг жасайды. Жүйе шешімімен рейтингі жоғары болған компания тендерді ұтып алады.

«Мұның барлығы жабық түрде өтеді. Яғни конкурсқа қатысып жатқан компаниялар бір-бірін, олардың жоспарын білмейді. Жүйе арқылы өздеріне қандай балл беріледі, сол компания ұтып алады. Бәрін автоматты түрде цифрландырылған процесс шешкендіктен, шағымдануға да мүмкіндік болмайды», – деді министр.

Оның айтуынша, бастапқы кезеңде құрылыс жұмыстары, одан кейін жобалау жұмыстары, кейін өзге қызметтерде цифрландыру жүйесіне көшеді.

Электрондық дүкен қызметі іске қосылады. Яғни тапсырыс бергісі келетін орган арнайы электронды дүкенге кіріп, бағаларды салыстырып, қолайлы бағамен ала алады.

Министрдің сөзінше, қазір Қаржы министрлігі даярлаған жаңа заң жобасы Мәжіліске жеткен. 

«Халық тарапынан, органдар немесе журналистер тарапынан бақылау жүргізуге мүмкіндік ашып отырмыз. Мысалы, қандай да бір компания мектеп салуға конкурс ұтып алды делік. Ол компания мектептің іргетасы қаланып, шатыры құрылғанға дейін мерзімдерін белгілеп, жоспарын жүйеге енгізуі керек. Егер мерзімінен кешігіп жатса, оны қоғам бақылап, ескерту жасап, тіпті жұмысты басқа компанияға беруге болады»,–деді Жамаубаев.

Ол жаңа заңда тауарлардың бағасына емес, сапасына көбірек мән берілетінін айтты.

Бұған қоса, қаржы министрі Мемлекеттік сатып алу бойынша Қазақстан халықаралық рейтингте алғашқы ондыққа кіретінін айтады. 

«Себебі бізде мемлекеттік сатып алудың барлығы толығымен автоматтандырылған электронды түрде жүргізіледі. Қағаз түрінде бірде бір сатып алу жүргізілмейді. Электронды жүйе арқылы оны кез келген адам бақылап отырады. Сондықтан күнделікті бір резонансты ақпарат шығып отырады. Жақында бір ақпарат болды балабақша 12 млн теңгеге банан сатып алып жатыр деген. Мұның барлығы қазір халықтан ешнәрсе жасыру мүмкін емес екендігін білдіреді», – деді министрі.

Қараша айында Мәжілістің комиссия отырысында «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң жобасының таныстырылымы өткен. Ұсынылып отырған жаңа Заң жобасы негізінде сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыру, сатып алу рәсімдерін оңайлату және бюрократиядан арылту, құрылыс нарығын монополиядан арылту сатып алу рәсімдерін одан әрі автоматтандыру көзделген.

Сондай-ақ оқыңыз