Бір жасқа толмаған 2 сәби қызылшадан қайтыс болды

Жарияланды
15 баланың жағдайы ауыр / Фото: shutterstock

Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында бір жасқа толмаған 2 сәби қызылшадан қайтыс болды. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова мәлімдеді.

«Бір жасқа толмаған 2 сәби қайтты. Олар вакцина алу жасына жетпеген. Бір бала шала туған, патологиясы болған. Оның үстіне қызылша қосылған. Сәбилердің қайтыс болу фактісі Астана қаласы мен Шығыс Қазақстан облысында тіркелді», – деді Айжан Есмағамбетова Сенаттың жалпы отырысынан кейін журналистерге берген сұхбатында.

Денсаулық сақтау вице-министрі ұжымдық иммунитет осындай қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін қажет екенін атап өтті.

«Көп ата-ана қызылшаға қарсы вакцина салдырған емес, балалары осы аурумен ауырып, жазылып шыққаны дұрыс деп ойлайды. Негізі қызылшаның өзінен емес, асқынуынан қорқу қажет. Себебі қызылшамен ауырған балада 5-7 жылдан кейін панэнцефалит пайда болуы мүмкін. Қарапайым тілмен айтқанда миы зақымдалады. Қызылша 5 жасқа дейінгі балалар үшін өте қауіпті. Қызылшамен ауырған балалар кем дегенде 2 жыл инфекция жұқтыруға бейім тұрады», – деді Айжан Есмағамбетова.

Денсаулық сақтау вице-министрі 15 баланың жағдайы ауыр екенін жариялады.

«15 баланың дерті асқынған, жағдайы ауыр. Науқастар өңірде ем қабылдап жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі олардың жағдайын бақылауда ұстап отыр, – деді Айжан Есмағамбетова.

29 қарашада Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният қызылша ауруымен ауырып, жансақтау бөліміне түскен балалардың миында қабыну белгілері анықталып жатқанын мәлімдеген болатын.

«Адамдарға кез келген жұқпалы аурулар ауруханасына баруға рұқсат береміз. Кез келген облыстық ауруханаға барсаңыз, стационарлық ем алып жатқан, жансақтау бөлімінде жатқан балаларды көрсетеді. Жансақтау бөліміндегі балалардың миынан қабыну белгілері анықталып жатыр», – деген Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі «қызылшаға қарсы вакцинация адамның денсаулығына қауіпті» деген қауесетті шағын топ таратып жүргенін жариялаған.

«Біз оларды қадағаламаймыз. Антиваксерлердің де балалары ауырады. Олар ауыр халде ауруханаға жеткізіледі. Антиваксерлермен қарсы күресте жауапкершілік баршаға ортақ болуға тиіс. БАҚ өкілдері мен блогерлер антиваксерлермен күресуі керек», – деп түсіндірген Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі заң бойынша ата-ананың рұқсатынсыз балаларды вакцинациялауға болмайтынын жариялаған.

«Дәрігерлердің үгіт-насихат жұмысы екпе жасауға мәжбүрлеу болса, онда мен бұл бастаманы қолдаймын», – деп нақтылаған Ажар Ғиният.

Денсаулық сақтау министрі қызылшаның салдары мен зардабы ауыр болатынына назар аударған.

«Балалардың құлағы естімей қалуы мүмкін, яғни балаларға мүгедек болып қалуы қаупі төнеді», – деді Ажар Ғиният.

Министр 30 бала жансақтау бөлімінде жатқанын, олардың жағдайы ауыр екенін айтқан.

Сондай-ақ оқыңыз