Сенат спикері Мәулен Әшімбаев осындай мәлімдеме жасады.
Мәулен Әшімбаев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін Үкімет барлық атқарылатын іс-шараларды назарда ұстайтынын тілге тиек ете келіп, бұл іске депутаттар да атсалысатынын айтты.
«Депутаттар да осы мәселені бақылауда ұстап, үнемі кәсіпорынға барып, ондағы жағдайға мониторинг жасаймыз. Инвестор өзіне алған барлық міндеттемені толықтай орындайды деп сенеміз», – деді ол Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілерге берген сұхбатында.
Мәулен Әшімбаев жаңа инвестор Qarmet компаниясын жаңғырту міндеттемесін толық орындайтынына сенім білдірді.
«Бұл мәселенің барлығы бақылауда болады. Кәсіпорын басшылығы өндірісті ары қарай дамытып, алға қойылған міндетті орындап, жұмыс орындарын сақтап, табысты еңбек етеді деп сенеміз», – деді Сенат спикері.
Бүгін, 28 желтоқсанда премьер-министр Әлихан Смайылов Qarmet компаниясының қызметіне қатысты жұмыс тобының отырысын өткізді.
Басқосуда кәсіпорын қызметін тұрақтандыруға 28,6 млрд теңге жеке инвестиция тартылғаны, еңбекақы уақытында беріліп жатқаны, салық және МӘМС төлемі төленгені айтылды.
Әлихан Смайылов 2024 жылы Qarmet – жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өндіріс көлемін ұлғайтуды жолға қоюы тиіс екенін атап өтті. Сонымен қатар ол компания жаңа инвестициялық келісімшарт жасап, өнімсіз шығынды азайту және өнімнің өзіндік құнын төмендету мәселесін шешуге тиіс екеніне назар аударды.
27 желтоқсанда Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов Qarmet компаниясының жаңа инвесторына қатысты сұраққа жауап берді.
«Qarmet компаниясына бұл салада ешқашан жұмыс істеп көрмеген инвестордың келуін қалай бағалайсыз? Осы акционер арқылы комбинатқа Ресей капиталы кіреді деген әңгіме бар. Сіздің пікіріңіз қандай», – деп сұрады журналист Ерлан Қошановтан.
Ол жаңа инвестор әлеуметтік міндеттемелерді сақтауға, оның ішінде еңбекақы төлеу мен еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс екенін атап өтті.
«Мен сенетін құзырлы органдар осындай шешім қабылдады. Сондықтан мен бұл шешімге сенемін», – деді Мәжіліс төрағасы.