Жаңа иесі Qarmet қызметін тұрақтандыруға 28,6 млрд теңге инвестиция салды

Жарияланды
Qarmet

Qarmet кәсіпорны жұмысшылардың еңбекақысын уақытылы беріп, салық төлемдері мен МӘМС төлемдерін жүргізді / Фото: Үкімет үйі

Qarmet кәсіпорнының қызметін тұрақтандыруға 28,6 млрд теңге жеке инвестиция тартылған. Бұл жайлы ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың қатысуымен өткен отырыста айтылды.

Әлихан Смайылов Qarmet компаниясының жаңа инвесторымен және орталық мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен жиын өткізіп, онда компанияның жұмысын, атап айтқанда комбинатты қажетті шикізатпен қамтамасыз ету, дайын өнім экспортын қолдау шараларын қамтамасыз ету, салық салу, анықталған экологиялық бұзушылықтарды жою және басқа да бірқатар мәселелерді талқылады.

Жиында қабылданған жедел шаралардың арқасында кәсіпорында желтоқсан айында өндіріс көлемі артқаны атап өтілді. Ферроқорытпа қоры мен көмір қоры өсіп, дайын өнімді жөнелту қайта жанданған.

«Кәсіпорын қызметін тұрақтандыруға 28,6 млрд теңге жеке инвестиция тартылды. Еңбекақы уақытылы беріліп, салық төлемдері, сондай-ақ МӘМС төлемдері жүргізілді»,- делінген баспасөз хабарламасында. 

2024 жылы Qarmet – жұмысшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуді, өндіріс көлемін ұлғайтуды жолға қоюы керек. Сондай-ақ компания жаңа инвестициялық келісімшарттар жасап, өнімсіз шығындарды азайтуы керек. Жиынжа компанияның өнімінің өзіндік құнын төмендету мәселелері де қамтылды.

Жалпы жаңа бизнес-модель аясында алдағы жылдары өндірісті жаңғырту және қайта ұйымдастыру, қауіпсіздік көрсеткіштері мен экологиялық жағдайды түбегейлі жақсарту, атап айтқанда, газға көшу және шығарылатын өнім номенклатурасын қайта қарау сынды шаралар қабылданбақ.

Премьер-Министр мемлекеттік органдардың комбинаттың өзекті мәселелерін шешуде қажетті қолдау көрсетуі керек екенін атап өтті. Осыған байланысты Әлихан Смайылов бір апта ішінде ең басым міндеттер бойынша қажетті шешімдерді қабылдауды тапсырды.

АМТ қалай Qarmet-ке айналды?

Еске сала кетсек, 8 желтоқсанда Қанат Шарлапаев ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционерін жария етті. Ол жаңа инвестор Allur автоконцерні директорлар кеңесінің басшысы және акционері Андрей Лаврентьев екенін айтты. 

Министр жаңа акционердің не үшін таңдалғанын түсіндірді. Сондай-ақ ArcelorMittal Temirtau-ға «Qarmet» атауы қайтарылуы мүмкін екенін мәлімдеді.

Ал президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды металлургиялық комбинатының жаңа иесіне қатаң талап қойылатынын айтты.

«Жақында менің тапсырмаммен Қарағанды металлургиялық комбинатын қазақстандық компанияның меншігіне беру мәселесі сәтті шешілді. Жұмыстың бастапқы кезеңінде компанияға көмектесу – Үкіметтің ендігі міндеті. Содан кейін кәсіпорынның жаңа иесіне қатаң талап қойылады», – деді президент.

Тоқаев өңірлердегі халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін маңызды нысандарда апаттардың жиілеп кеткенін айтты. Бұл өз кезегінде елдегі инженерлік және энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту мәселесіне алып келген. Президент бұл мәселенің ондаған жыл бойы назардан тыс қалып келгенін атап өтті. Ол мемлекеттің қысқа мерзімде ревизия жүргізіп, қолданыстағы генерациялаушы қуат көздерін жөндеп, жаңа нысандарды іске қосып, жылу және басқа да инженерлік желілерді жаңарту үшін жүйелі жұмыстарға кірісетінін мәлімдеді.

Сондай-ақ оқыңыз