Қазақстандағы әуекомпаниялар биыл 13 млн жолаушыға қызмет көрсетіп, рекорд орнатты – Көлік министрлігі

Жарияланды
жолаушылар тасымалы

2023 жылы жолаушылар тасымалы 23%-ға артқан / Фото: kursiv.media

Жолаушылар тасымалы биыл 23%-ға артып, тасымалданған жолаушылар саны 13 млн-ға жеткен. Көлік министрлігі осы жылы қазақстандық авиакомпаниялардың рекордтық көрсеткішке қол жеткізгенін хабарлады.

«Авиация саласында әуе көлігін пайдалану мәдениеті белсенді түрде қалыптасып келеді. Әуе тасымалдар халық арасында көліктің неғұрлым танымал түріне айналды. Қазақстандық авиакомпаниялардың әуе кемелерінің паркі 89-дан 99 бірлікке дейін, ал кресло-орындардың сыйымдылығы 12-ден 15 мыңға дейін ұлғайтылды. Қабылданған шаралар әуе тасымалдардың қолжетімділігін жақсартуға және рейстердің жүйелілігін арттыруға мүмкіндік береді», – делінген министрлік хабарламасында.

Министрлік инвестициялар есебінен Шымкент, Қызылорда, Алматы қалаларында 3 жаңа жолаушылар терминалының құрылысы жүріп жатқанын хабарлады. Ол нысандар келесі жылдың наурыз, мамыр және маусым айларында аяқталады.

Сондай-ақ биыл барлық өңірде әуетасымалын жолға қою көзделген. Сол мақсатта 23 ішкі әлеуметтік маңызы бар және туристік бағыт субсидияланған.

«Жыл соңына дейін қазақстандық әуежайлар 25 млн-нан астам жолаушыға қызмет көрсетеді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22%-ға артық. Ішкі тасымалдау көлемі толығымен қалпына келтірілді және аптасына 50 бағыт бойынша 640 рейс ұшады. 28 елмен халықаралық әуе қатынасы жолға қойылған. Биыл 23 бағыт бойынша 13 елге жаңа рейстер жаңартылып, ашылды»,- делінген хабарламада.

Еске сала кетсек, Оманның «Salam Air» әуе компаниясы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап аптасына екі рет Маскат-Алматы бағыты бойынша тікелей рейс ашты. А–320neo және А-321neo типті әуе кемелері бейсенбі-жексенбі күндері екі қала арасында тұрақты қатынайды.

Ал 25 желтоқсанда азаматтық авиация комитеті «China Southern Airlines» компаниясы Бейжің қаласының жаңа әуежайынан Қазақстанға тікелей рейстердің іске қосылғанын хабарлаған болатын. Бейжің қаласының Дасин әуежайынан Алматыға аптасына үш рейс қатынайды.  

Қазан айында Көлік министрі Марат Қарабаев Қазақстан нарығында жалпы саны 5 әуе компаниясы жұмыс істейтінін, оның 4-і отандық авиакомпания болса, 5-шісі бұл нарыққа шетелден кіретінін айтқан болатын. Нарыққа келген жаңа компания билет саясатына әсер етпей қоймайтынын айтады министр.

Билет бағасына сұраныс пен ұсыныстың әсер ететінін айтқан министр биыл сұраныстың былтырғыға қарағанда 26%-ға өскенін мәлімдеген болатын. Сонымен бірге былтыр отандық авиакомпаниялар 14 ұшақ алған. Биыл тағы да 11 ұшақ алады. Ал 2024-2025 жылдарға қарай тағы 30 ұшақ сатып алуды жоспарланған. Солайша орындар 20 мыңға жеткізіледі.

Сондай-ақ оқыңыз