Жаңалықтар

Президент жер қойнауын пайдалану және экология мәселелеріне қатысты құжатқа қол қойды

Фото: akorda.kz и shutterstock

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жер қойнауын пайдалану және экология мәселелеріне қатысты құжатқа қол қойды. Бұл туралы Ақорда сайты жазды.

Парламент құжатты 2023 жылғы 27 желтоқсанда қабылдады. Заңға көмірсутекті барлаудың инвестициялық тартымдылығын арттыру және өндірісті қолдау мен сарқылатын кен орындарын тиімді пайдалануға ықпал ету міндеті жүктелді.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң деп аталатын құжат 5 маңызды бағытты қамтиды:

Бірінші. Мұнай-газ саласындағы бюрократияны азайтып, инвестордың «кеңсе жағалауына» емес, «дала аралауына», яғни осыған дейінгі қағазбастылықтан құтылып, тікелей геологиялық барлау ісімен айналысуға мүмкіндік береді.

Екінші. «Сарқылған» кен орындарына салық жеңілдігін жасап, үнемделген қаражатты кен орнының өнімділігін арттыруға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсауға жағдай жасайды.

Үшінші. Жер қойнауын пайдаланушылармен жасалатын келісімшарттың 10 күн ішінде құзыретті органның ресми сайтында жариялануын қамтамасыз етеді.

Төртінші. Өнімділігі жоғары кен орыны ашылған жағдайда, оның 50% үлесі міндетті түрде ұлттық компанияға беріледі.

Бесінші. 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін жасалған шарттар мен берілген лицензиялар бойынша Мемлекеттік комиссияның функциясын сақтау және Геология комитетіне жеке тұлға жолдаған ресурстар мен қорларды бағалау есебін қарау құқығын береді.

«Бұл норманы қабылдау өте қиын болды. Қарсы өткізбеуге күш салды. Өйткені кезінде олигополияның ықпалымен 2018 жылы «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске Қазақстан Республикасының пайдалы қазбалар қорлары жөніндегі мемлекеттік комиссиясымен қатар KAZRC кодексі заңнамалық түрде қолданысқа енгізілді. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап құзыретті (жеке) тұлғаға жер қойнауын сараптауды және пайдалы қазбалардың қорын мемлекеттік есепке алуды жүзеге асыру функциясын беру арқылы KAZRC кодексіне толық көшу көзделді, – деп мәлімдеді Мәжіліс депутаты Еділ Жаңбыршин.

Депутат заңның бұрынғы нұсқасындағы норма мемлекетке қауіп төндіргенін айтты.

«Өйткені бұрынғы нормада қазба байлығымыздың қорын мемлекеттік комиссия емес, жеке құзыретті тұлға, (шетел азаматы – ред) жасаған есептің негізінде анықтауға мүмкіндік жасалды. Бұл қазба байылығымыздың «қаймағын» алып, кен орындарын тиімсіз игеріп, түсетін салықты азайтып, байлықты кешенді түре игермей, инвесторға тайып тұруға жол ашатын мүмкіндік еді. Сенат, Мәжіліс, Президент Әкімшілігі, Үкімет осы мәселеде консенсусқа келіп, олигополияның қарсылығын тойтарып, тағы бір жеңіске қол жеткізді», – деді Еділ Жаңбыршин.

Заңда бағалау есебінде ресурс құны өнеркәсіптік санаттың бұрын бекітілген көлемінен 25% төмендейтін болса, қоғамдық тыңдау өткізу мәселесі қарастырылған. Сонымен қатар жер қойнауын пайдаланушылар геологиялық ақпарат жинау, оны сақтау, өңдеу және беру жөніндегі ұлттық операторға қатты пайдалы қазбаларға қатысты барлық есептің көшірмесін ұсынуға тиіс екені нақытыланған.

Құжатта қатты пайдалы қазбалардың қоры мен бағалау туралы есепте жер қойнауына қатысты жалған мәлімет берген тұлғаларға жауапкершілік белгіленген.