Келер жылы дәрілік заттар мен зергерлік бұйымдар таңбаланады

Жарияланды
Келер жылы дәрілік заттар таңбаланады / shutterstock

2024 жылдың 1 шілдесінен бастап дәрілік заттар мен зергерлік бұйымдар таңбаланады. 29 желтоқсанда Үкіметте премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте «Атамекен» ҰКП өкілдері аталмыш мәселені талқылады.

«Дәрілік заттар 2024 жылғы 1 шілдеден бастап таңбаланады. Осыған байланысты дәріханалар, дәріхана қоймалары және жеке меншік денсаулық сақтау ұйымдарының дайындығын қамтамасыз ету жұмыстары жүріп жатыр», – делінген үкімет хабарламасында.

Сондай-ақ зергерлік бұйымдарды таңбалауды 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізу жоспарланып отыр. Тиісті пилоттық жоба биылғы қазан айында аяқталған.

Бүгінгі таңда республикада темекі өнімдері мен аяқ киім таңбалауға жатады. Бұл шара тауарларды бақылап отыруға, заңсыз өнімді анықтауға, көлеңкелі айналымды азайтуға және бюджетке түсетін салықты арттыруға мүмкіндік берді. Жалпы таңбалау адал кәсіпкерлер мен тұтынушыларды қорғауға бағытталған.

«Талқылау қорытындысы бойынша Премьер-Министр белгіленген тәртіппен таңбаланбаған тауарларды сатқаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізуді, сондай-ақ пилоттық режимде таңбалауды жүргізу үшін тауарларды іріктеу тетігін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды», – делінген хабарламада.

2024 жылы мотор майлары, сыра және сыра сусындарын таңбалау бойынша жұмыстар жалғасатын болады.

2023 жылдың 1 сәуірінде тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркелмеген аяқ киімді сатуға рұқсат етілген кезең аяқталады. Кәсіпкерлердің өтініші бойынша бұл мерзім 2022 жылдың 1 сәуірінен 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылды. 

Аяқ киім өнімдерін міндетті түрде таңбалау және қадағалау 2021 жылдың 1 қарашасында Қазақстан Үкіметінің қаулысымен енгізілді. Мұның аясында елге кіретін әрбір өнім туралы ақпарат тіркеледі және бірегей деректер матрицалық код арқылы қадағаланады. Таңбалау және қадағалау жүйесінің міндеті – Қазақстандағы тауар айналымын ашық ету.

2019 жылдың 30 маусымы мен 2020 жылдың 31 желтоқсаны аралығында Қазақстанда аяқ киімді таңбалау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылды. Жобаға аяқ киім саласынан 19 қатысушы – 5 өндіруші-дистрибьютор, 13 импортер-дистрибьютор және 1 уәкілетті экономикалық оператор (көтерме және бөлшек сауда компаниялары) қатысты.

Жоба барысында:

  • физикалық таңбалау;
  • кодтарды құрастыру және беру;
  • нарық қатысушыларының деректер базасымен жұмысы;
  • сауда нүктелері мен тұтынушылардың таңбаланған аяқ киімді сканерлеуі;
  • дерекқордың жұмысын қадағалау;
  • тұтынушыларға арналған мобильді қосымшаны әзірлеу;
  • қабылдау және тауарды беру және айналымнан сатылған бірліктердің кодын шығару сияқты техникалық аспектілер пысықталды.
Сондай-ақ оқыңыз