Банктер мобильді аударым кезінде клиенттің геолокациясы туралы ақпаратты ұсынуы мүмкін

Жарияланды
Банктер клиенттің геолокациясы жайлы ақпаратты алуы мүмкін / shutterstock

Екінші деңгейлі банктерге мобильді аударым кезінде клиенттің геолокациясы жайлы ақпарат алу туралы ұсыныс жасалды. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қазақстан банктері алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды.

Меморандумға сәйкес, геолокация туралы ақпаратты беру үшін клиенттің рұқсатын алу қажет.

Келісімдегі негізгі шаралар. Банкте клиенттің жүйеге кіру кодын тіркеу және өзгерту кезінде биометриялық сәйкестендіру енгізіледі. Геолокация жайлы деректер қауіпсіздікті арттыру үшін аударым кезінде беріледі.

Бұл дерек берілгенге дейін банктер өз жүйелеріндегі кодтарға талдау жүргізуі қажет. Соңғы 3 жыл ішіндегі бастапқы кодтарды сақтап отырады.

Интернет-ресурсты сәйкестендіру туралы ақпарат пен авторизациялық деректер жайлы ақпарат сақтауға тыйым салынады. Бұдан бөлек, құпия ақпаратты бүркемелеп, клиенттері арасында кибер гигиенаны дәріптеуі қажет. 

Антифрод қызметі мен алаяқтардың «қара» тізімдерін енгізу, күдікті транзакцияларды талдау, мәліметтер массивін талдау. Алаяқтық фактісі бойынша клиент жүгінген кезде тексеру жүргізу.

Ақшаны заңсыз алу фактісі анықталған кезде-ұрланған қаражатты клиентке қайтару. Себебі банк клиент қауіпсіздігін қамтамасыз етпеген болуы мүмкін.

Банк қаржылық қызмет түрлері бойынша алаяқтық белгілер (қарыздар, төлемдер мен аударымдар, кассалық операциялар және т. б.) анықталған барлық операциялардың егжей-тегжейлі есебін жүргізеді.

Деректер қайда сақталады? Меморандумға сәйкес, деректер құпия сақталуы міндетті. Оны сақтау қауіпсіз жерде тараптардың міндетіне кіреді. 

Осыған дейін қаржы министрлігі мобильді аударымдар үшін қандай тұлғалар салық төлейтінін түсіндірген еді.

Журналистер кейде ата-аналар оқушылардың қажеттілігіне ақша жинағанда барлығы бір адамға аударым жасайтынын алға тартып, Қаржы министрінен: «Мұның теріс салдары болмай ма?» – деп сұрады.

«Мұндай жағдайға салық органдарының өкілдері араласпайды. Біз бұл бір реттік алым екенін білеміз. Мұндай алдымдар тәуекел туғызбайды. Тәуекел бизнесі бар адамдарда: дүкен иесінде, таксисте, базарда жеміс-жидек сататын адамда, яғни тікелей бизнеспен айналысатын азаматтарда пайда болуы мүмкін», – деп жауап берді тілшілерге Ерұлан Жамаубаев.

Бұған дейін Қаржы министрі 100-ден астам аударым жасайтынадамдар бақылауға алынатынын айтқан еді.

«Менің білуімше, мұндай адамдардың тізімі әлі түзіліп жатыр, біз екінші деңгейлі банктермен ақпарат алмасуды жолға қойып жатырмыз. Әзірге ешқандай нәтиже жоқ. Мониторинг жасайық, қоғамды дүрліктірмейік, өйткені бұл 2025 жылға дейін жоспарланған жұмыс. Ешқандай тексеру болмайды, адамдарға, бизнеске ешқандай қысым жасалмайды», – деген болатын Ерұлан Жамаубаев.

Сондай-ақ 2025 жылға дейін мобильді аударымдар үшін кәсіпкерлерге айыппұл салынбайтыны да айтылған.  

Сондай-ақ оқыңыз