Жаңалықтар

Қазақстанның мемлекеттік қарызы тоғыз ай ішінде 15% өскен

Қазақстанның мемлекеттік қарызы тоғыз ай ішінде 15% өскен / shutterstock және wikimedia commons

Қазақстанның мемлекеттік қарызы 2023 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары аралығында 15,2% өсіп, 29 167.2 млрд теңгеге жеткен. Бұл туралы Jusan Analytics зерттеуінде жазылған.

Осы жылы ішкі қарыз 23.4% өсіп, сыртқы қарыз 3.0% кеміген. Соңғы деректерге сәйкес, жалпы мемлекеттік қарыздың 73.9% яғни 21 557.6 млрд теңге ішкі қарыз болса, қалған 7 609.6 млрд теңге сыртқы қарыз.

Үкіметтің болжамына сәйкес, 2023 жылы мемлекеттік қарыз ЖІӨ-ге шаққанда 26% жетуі мүмкін, былтыр 24% болған. 

Елдегі маңызды көрсеткіштермен салыстырғанда мемлекеттік қарыздың деңгейі қандай?

KASE индексін капитализациялаудан 20.6% артық. Ал KASE индексі 9 ірі компания (ЦКБ, Kaspi, Халық Банкі, ҚазМұнайГаз, ҚазТрансОйл, ҚазАтомӨнеркәсіп, KEGOC, Қазақтелеком және Kcell) акцияларын қамтиды. Ақпан айынан бастап, KASE индексін капитализациялау 28.5% өскен.

Қазақстандық экспорттан 12.0% көп. 2023 жылдың 9 айында 26 040.4 млрд теңгеге тауар экспортталған, 2022 жылдың 9 айымен салыстырғанда 10.2% аз. Дәлірек айтқанда, мемлекеттік қарыз мұнай экспортынан 2 есе, мыс экспортынан 26 емес, мыс концентраттарынан 28 есе, ураннан 34 есе, ферроқорытпалардан 37 есе, бидайдан 43 есе, табиғи газдан 48 есе, темір кені 112 есе, көмірден 120 есе, күмістен 137 есе көп.

Мемлекеттік қарыз Екінші деңгейлі банктер жиынтық несие портфелінен 7.5% артық. Жыл басынан бері несиелердің жиынтық көлемі 12.9% өскен.

Болжам. 2024 жылы болжанған жаһандық экономиканың әлсіреуі әсерінен шикізат бағасын түсіруге қысым жасайды. Ал Үкімет қаржылық тұрақтылықты сақтау үшін шығындарды көбейте береді. Осылайша мемлекеттік қарыз өсетін болады.

2024 жылы мемлекеттік қарыз 11.5% өсіп, 34 183.3 млрд теңгені құрауы мүмкін деген болжам бар. Яғни ЖІӨ шаққанда 25% жетеді деп күтілуде. Қаржы министрлігі ЖІӨ шаққандағы деңгейді 30% жеткізбеудің жолын іздейді. 

Ескерту. Зерттеуге сәйкес, квазимемлекеттік сектордың қарызы (сыртқы қарыздар) қазан айына дейін 7 324.6 млрд теңгені құраған. Алайда квазимемлекеттік компаниялар қажет болған жағдайда мемлекет тарапынан көмек алатынын біліп, шетелден қарыз ала алады. Сондықтан бұл көрсеткіш нақты емес.

Осыған дейін 2023 жылдың 1 тоқсан қорытындысы бойынша, Қазақстан Республикасының мемлекеттік қарызы 26 418,9 млрд теңгені немесе 58,9 млрд АҚШ долларын құрағанын жазған едік. Былтыр жыл соңымен салыстырғанда мемлекеттік қарыз 1 101,2 млрд теңгеге немесе 4,3%-ға өссе, 2022 жылдың 1 тоқсанымен салыстырғанда мемлекеттік қарыз 4 724,8 млрд теңгеге немесе 21,8%-ға өскен.

Жыл басынан бері мемлекеттік қарызға қызмет көрсету және өтеу үшін бюджеттен 3,7 трлн теңге жұмсалған. Ал мембюджеттің шығысы кірісінен асып түсті. Биыл РБ шығысы бірден 19 пайыз, яғни 3,2 трлн теңгеге өсіп, жалпы 20,2 трлн теңгеге жетті. Шығыстың бұлай өсуіне – мемлекеттік қарызға кеткен шығын себеп. Биыл мемқарызға қызмет көрсету мен өтеуге кеткен қаражат бірден 39 пайызға өсіп, 3,7 трлн теңгеге жеткен. Яғни бүкіл бюжет шығысының 18 пайызы борышты өтеуге жұмсалған. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 2,7 трлн теңгені құраған. Одан кейін білім (+₸716 млрд), әлеуметтік көмек және қауіпсіздік (+₸583 млрд) салаларына жұмсалған шығыс артқан.