Қаңтарда өтетін ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды

Жарияланды
Қаңтарда өтетін ҰБТ-ға өтініш қабылдау басталды / shutterstock

Қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 29 желтоқсаннан басталады. 

Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, қаңтар айында өтетін ҰБТ-ға қатысу үшін өтініш қабылдау 29 желтоқсанда басталып, 6 қаңтарға дейін жалғасады. ҰБТ-ға тіркелу Ұлттық тестілеу орталығының app.testcenter.kz. сайтында немесе UTO қосымшасы арқылы жүргізіледі. 

Ал тестілеудің өзі 18 қаңтар мен 10 ақпан аралығында өтеді. Қатысушылар тестілеу өткізілетін орынды, күнді және уақытты өздері таңдайды. Тестілеу қорытындысы ақылы оқуға түсуге мүмкіндік береді.

«Қаңтардағы ҰБТ-ға шартты түрде ақылы негізде күндізгі оқу нысаны бойынша жоғары оқу орындарына қабылданған, жазғы ҰБТ нәтижелері бойынша шекті балл жинамағандар, шығармашылық ББТ-дан басқа дайындық бағыттарына, педагогикалық бағытқа ақылы негізде ауысқысы келетіндер, сондай-ақ мектеп бітіретін түлектер жоғары оқу орындарына ақылы негізде түсу үшін  қатысады»,– делінген хабарламада. 

ҰБТ-дағы пәндердің саны өзгеріссіз қалған, үшеуі міндетті, екеуі таңдау пәні.

Бұдан бөлек, министрлік «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарғанын хабарлады

«Ал бейіндік пәндердің сұрақтар саны артып, 40 тест тапсырмасынан тұратын болады. Атап өтейік, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы 120 сұрақ. Оның ішінде «Қазақстан тарихынан» 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығынан» 10 тапсырма, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Жоғары балл – 140, ол да өзгеріссіз қалды», – делінген хабарламада.

2022-2023 оқу жылының басында студенттер саны шамамен 600 мың адам болды. Қазақстандық жоғары оқу орындарында оқу құны 250 мың теңгеден бастап 9 млн теңгеге дейін. Оқу құнының белгіленуі орналасқан жері және беделіне тәуелді. Алматы университеттеріндегі ең жоғары бағалар КИМЭП мен КБТУ-да тіркелсе, Астанада – Назарбаев Университеті. Ең арзан университеттер Шымкент қаласында.

Сарапшылардың айтуынша, баланың жоғары оқу орнында оқуына қор жинау процессін жеңілдетудің бірнеше қолайлы әдісі бар. Оқу депозитін пайдалануға болады. Сонымен қатар 2023 жылдан бастап білім берудің Мемлекеттік жинақтаушы жүйесі (ГОНС) шеңберінде қазақстандықтар үшін өмірді жинақтаушы сақтандыру бағдарламасы қолжетімді болды.

Сондай-ақ оқыңыз