«ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты екі мұнай кен орны бойынша салық ставкасы 5 есе төмендетілді

Жарияланды
2 мұнай кен орнында салық ставкасы төмендетіледі / shutterstock пен freepik

«ҚазМұнайГаз» компаниясына қарасты екі мұнай кен орны бойынша салық ставкасы 5 есе төмендетілді. Өйткені, ұлттық компанияның еншілес кәсіпорны «Өзенмұнайгаз» АҚ-ға қарасты «Өзен» және «Қарамандыбас» кен орындарындағы мұнайды су басып жатыр.
«Өзенде» мұнайды су басу деңгейі – 89,3%-ға, «Қарамандыбаста» – 86,8%-ға жетті. Бұл туралы «Үкіметтің 2019 жылғы 27 маусымдағы № 449 қаулысына өзгеріс енгізу туралы» ҚР үкіметі қаулысының жобасына салыстырма кестеде жазылған.

Осында көтерілген мәселеге байланысты Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров премьер-министр Әлихан Смайыловқа түсіндірме жазба жолдады. Кейін Үкімет қаулы қабылдады. Онда аталған кен орындарының рентабельділігі төмен, тұтқырлығы жоғары, дебиті аз болуына байланысты оларды игерілген санатқа жатқызылатын көмірсутек кен орындарының тізбесіне қосу қажет екені жазылған.

«Қаулыда бекітілген рентабельділігі төмен, тұтқырлығы жоғары, су басқан, дебиті аз және игерілген санатқа жатқызылатын көмірсутек кен орындарының (кен орындары тобының, кен орнының бір бөлігінің) тізбесінде: реттік нөмірі 18 жол мынадай редакцияда жазылсын: Маңғыстау облысындағы «Өзен» және «Қарамандыбас» кен орындары», – деп нақтыланған құжатта.

Бұл пайдалы қазбаларды өндіруге төмен салық ставкасы белгіленіп, «Өзенмұнайгаздың» 2 кен орны рентабельдігі төмен санатқа жатқызылды деген сөз.
Бұған дейін Энергетика министрлігінің «Құмкөл» және «Шығыс Құмкөл» мұнай-газ кен орындарын тиімділігі төмен деп танығанын жазған болатынбыз.

«Құмкөл» мұнай-газ кен орындарының мұнайы 1380-1400 метр тереңдіктен бұрғыланды. 2009 жылы «Торғай-Петролеум» ЖАҚ 3 млн 180 мың тонна мұнай тапсырды. Сол кезде күніне 8 300 тонна мұнай өндірілді.

Барлау жұмыстарының нәтижесінде 160 млн тонна мұнай мен 19 млрд текше метр газ қоры бар 17 кен орны анықталды. Солардың ішінде ең ірісі – «Құмкөл» мұнай-газ кен орны болды. 

Сондай-ақ оқыңыз