Ұялы байланыс операторлары тұтынушыларға сапасыз қызмет көрсеткені үшін 3 айдан 6 айға дейінгі абоненттік төлемді қайтаруы мүмкін. Бұған дейін операторлар сапасыз байланыс мәселесін мемлекетке айыппұл төлеу арқылы оп-оңай шеше салатын.Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин заңнамаға осындай норма енгізу бастамасын көтерді.
«Біз радиожиілік қызметінде сапасыз байланыс анықталса, операторлар мемлекетке төлейтін айыппұлдан бөлек, 3-6 айға дейінгі аралықта сапасыз байланыс анықталған аумақтың тұтынушыларына абоненттік төлемді қайтару ережесін енгізуді ұсынып отырмыз. Бұл ереже қандай нәтиже береді? Ұялы байланыс операторларын сапасыз қызмет үшін өтемақы төлеуге міндеттейді. Нәтижесінде азаматтар сапасыз көрсетілген қызмет үшін төлеген ақшаларын қайтарып алады», – деп жазды Бағдат Мусин Facebook парақшасында Оразақ ауылында тұрғындармен, әкімдік өкілдерімен және байланыс операторларымен болған кездесуден кейін.
Кursiv.media тілшісі Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз хатшысы Альбина Атенге хабарласып, мәселенің мән-жайын анықтады.
«Бұған дейін Оразақ ауылының тұрғындары сапасыз байланысқа шағымданып, министр Бағдат Мусинді ауылға келіп, барлығын өз көзімен көруге шақырған. Оразақ ауылындағы кездесуге осы мәселе себеп болды. Байланыс қызметін сапасыз көрсеткені үшін операторларға 5 млн теңге айыппұл салынады. Бір базалық станцияны жаңғыртуға 15-20 млн теңге қажет. Ұялы байланыс операторлары базалық станцияны жаңғыртудың орнына, мәселені айыпұл төлеп шешкенді жөн көреді. Министр ұялы байланыс операторларын сапасыз байланысқа айыппұл төлегенше, қолданыстағы базалық станцияларды жаңғырту тиімді әрі пайдалы екенін жеткізді және жаңа базалық станция салуды ұсынды», – деді Альбина Атен.
Баспасөз хатшысының мәлімдеуінше, Цифрлық даму министрілігі заңнамалық өзгеріс жасауға бастамашы болып отыр. Депутаттар қолдаса, заң парламентке жетеді.
27 желтоқсанда бағаны көтерген «Кселл», «Tele2/Altel» және «Beeline» ұялы операторларына қатысты тергеп-тексеру басталғанын жазғанбыз.
2023 жылы операторлар тарифтік жоспарлары бойынша бағаны 7,7% – дан 57,3% – ға дейін айтарлықтай өсірген. 2023 жылдың мамыр мен шілде аралығында ұялы байланыс операторлары ай сайынғы абоненттік төлеммен 30-дан астам тарифтік жоспарда көрсетілетін қызметтердің құнын бірінен соң бірін көтерген.
Абоненттердің ұялы операторлардың бағаны көтеруі жайлы өтініштері негізінде Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі тексеріс жүргізген.
2023 жылы ұялы байланыс операторлары тарифтік жоспарлары бойынша бағаны 7,7% – дан 57,3% – ға дейін өсірген. 2023 жылдың мамыр мен шілде аралығында ұялы байланыс операторлары ай сайынғы абоненттік төлеммен 30-дан астам тарифтік жоспарда көрсетілетін қызмет құнын бірінен соң бірін ұлғайтқан.
23 шілдеде ЦДИАӨМ басшысы Бағдат Мусин БҚДА-ның ұялы байланыс бағасын мемлекеттік реттеу туралы ұсынысына қатысты пікір білдірген.
«Әр ведомствоның өз функциясы бар. Біздің функционалға тарифтерді реттеу жұмыстары кірмейді. Қандай нарықта тарифтер басқарылуы керектігі айтылған арнайы заң бар. БҚДА қайтадан тарифтердің мемлекетті басқаруға өткізу туралы ұсыныс жасады. Егер БҚДА солай жасаған дұрыс деп санаса, біз бұл жағдайды талдап, қарастыратмыз»,– деген Бағдат Мусин.