Жаңа жылдан бастап энергия өндіруші ұйымдар тобы үшін электр энергиясы қымбаттайды

Жарияланды (жаңартылды )
электр энергиясы

Электр энергиясын сататын ұйымдар үшін электр энергиясы қымбаттайды / Фото: kursiv.media

2024 жылғы 1 қаңтардан бастап электр энергиясын сататын энергия өндіруші ұйымдар тобы үшін электр энергиясы қымбаттайды. Бұйрыққа Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қол қойды.

Жаңа тариф саясатын қолдану үшін «Электр энергиясына шекті тарифтерді бекіту туралы» Энергетика министрінің 2018 жылғы 14 желтоқсандағы бұйрығына өзгеріс енгізілді.

«Электр энергиясына шекті тарифтер осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын»,– делінген Алмасадам Сәтқалиев қол қойған бұйрықта.

Энергетика министрлігі электр энергиясын сататын энергия өндіруші ұйымдар тобы үшін электр энергиясы қымбаттату мәселесін бұдан біраз бұрын көтерген. Іс барысында электр энергиясын сататын энергия өндіруші ұйымдардың 55 тобы таңдалған. Әр топ бойынша нақты шешім қабылданған.

Мысалы, «Қостанай жылу-энергетика» кәсіпорны кіретін 24 топ үшін электр энергиясының шекті тарифі 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап 1 кВт/сағ үшін 7,28 теңге (+88%) болып бекітілді. Бұған дейінгі тарифпен салыстырғанда баға 1 кВт/сағ үшін 13,65 теңгеге өседі.

Павлодар қаласындағы «УПНК-ПВ» ЖШС 43 топта. Қыздырылған мұнай коксын өндіретін зауыттың өнімін ERG иелігіндегі Павлодар электролиз зауыты, Ресей мен Қытайдан тапсырыс беретін клиенттер тұтынады. Осы компания келесі жылдан бастап электр энергиясының 1 кВт/сағатына 14,18 теңге аударады. Бұрын 7,48 теңге (+89,6%) төлейтін.

46 топтағы OzenMunaiProm компаниясы электр энергиясын газ пайдалану арқылы өндіреді. Компания өз өнімін «ҚазМұнайГаз» акционерлік қоғамына тиесілі газ өңдеу зауытына ұсынады. 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап OzenMunaiProm 1 кВт/сағ үшін бұрынғыдай 16,92 теңге емес, 26,92 теңге (+59,1%) шығындайды.

Қандай ұйымдарға қатысты тариф көтеріледі?

Бірінші топтағы «Екібастұз ГРЭС-1» ЖШС өзгелермен салыстырғанда электр энергиясына көп төлемейді. Осыған дейін 1 кВт/сағатқа 7,32 теңге төлесе, жаңа жылдан бастап (+10%) 8,05 теңге жұмсайды. Үшінші топтағы «Екібастұз ГРЭС-2» АҚ-ның төлемі 11,2 теңгеден 13,17 теңгеге ұлғаяды. Төртінші топтағы «Топар электр қуатын таратушы бас электрстанциясы» ЖШС 11,65 теңгенің орнына 15,32 теңге, бесінші топтағы «Жамбыл ГРЭС-і» АҚ 12,28 теңгенің орнына 17,73 теңге, алтыншы топтағы «Қарағанды энергия орталығы» ЖШС 12,64 теңгенің орнына 14,09 теңге, жетінші топтағы «Өскемен ЖЭО» ЖШС 12,75 теңгенің орнына 14,27 теңге төлейді.

Сегізінші топтағы «Севказэнергосбыт» ЖШС 1 кВт/сағатқа осыған дейін 14,5 теңге жұмсайтын, келесі жылы төлем құны 18,61 теңге болады. Оныншы топтағы «Павлодарэнерго» АҚ-ға қарасты ЖЭО-2, ЖЭО-3 14,11 теңгенің орнына 18,25 теңге төлеуге міндеттелді. 13-ші топтағы Kazakhmys Energy ЖШС-ға қарайтын Жезқазған ЖЭО мен Балқаш ЖЭО 16,37 теңге төлемнен 21,42 теңгеге көшеді. 15-ші топтағы «Согра ЖЭО» ЖШС бұрынғы 15,02 теңгеден 18,62 теңгеге ауысады. 16-шы топтағы Bassel Group LLS 14,04 теңгенің орнына, 16,73 теңге төлейтін болады. 17-ші топтағы «Текелі энергокешені» ЖШС 14,79 теңге емес, 20,72 теңге жұмсайды. Он сегізінші топтағы «Степногорск ЖЭО» ЖШС 16,4 теңге емес, 22,58 теңге шығындайды. Жиырмасыншы топтағы «Атырау ЖЭО» АҚ 16,2 теңгенің орнына 20,7 теңге шығындайды.

3 қарашада Алматыда Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев:
«Елдегі энергетика станцияларының 60%-ы күйреу жағдайында тұр. Оларды жаңартып, жаңа станциялар салу үшін энергетика үшін тариф қымбаттауы керек», – деп мәлімдеген.

Энергетика министрі энергетикалық инфрақұрылымды жақсарту үшін нақты қадам жасау қажеттігіне назар аударған. Оның ішінде тарифті өсіруге тоқталған.

«Осы саладағы компаниялар модернизациялау бағдарламаларын дайындап, бізге ұсынуы қажет. Бұл тариф төлеу инвестициясы болып қаралуы керек», – деген Алмасадам Сәтқалиев.

Энергетика министрлігі еліміздің бірқатар аймағында электр энергиясының шекті тарифі өзгеретінін мамырда мәлімдеген. Сонда еліміздегі 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сі шекті тарифті түзетуге өтінім бергені белгілі болған.

«Өтінімдерді қарау кезінде Энергетика министрлігі әрбір жеке жағдайда жеке тәсілді қолданды. Энергия өндіруші ұйымдарды негізгі және қосалқы жабдықтарды, ғимараттар мен құрылыстарды ауқымды жөндеу жүргізе отырып, алдағы жылыту маусымына дайындаумен байланысты уақытында шешуді талап ететін өтінімдер назарға алынды», – деп жазылған Энергетика министрлігінің хабарламасында.

21 сәуірде «Самұрық-Энерго» басшысы Серік Түйтебаев Қазақстанның электр станциялары шығынға батып отырғанын жариялаған. Ол бұл жайлы Алматыда өткен «Самұрық-Қазына» қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысында айтты.

«Мысалы, Алматыдағы «АлЭС» компаниясының шығыны соңғы 5 жылда шамамен 6 млрд теңгені құрады. Көбінесе электр станцияларының электр энергиясын өндіру үшін жағатын көмірге төлейтін қаражаты жоқ. ҚР энергия өндіруші ұйымдарының «Богатырь Көмір» ЖШС алдындағы жалпы берешегі шамамен 6,4 млрд теңгені құрайды», – деген болатын Серік Түйтебаев.

Айта кетейік, 2024 жылы коммуналдық тарифтер де қымбаттайды. Қымбатшылық көрсеткіші 15-30%-ға жетуі мүмкін. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров мәлімдеген.

«Коммуналдық тарифтер әр өңір, нысан, инфрақұрылымның тозуына байланысты әртүрлі қымбаттайды. Баға 15-30 пайыз көтеріледі» , – деген Әлібек Қуантыров.

Ол коммуналдық саланың барлығы: электр энергиясы газ, су, кәріз, жылу бағасы кезең-кезеңімен қымбаттайтынын нақтылаған.

Сондай-ақ оқыңыз