Күн райының қолайсыз болуына байланысты Астана әуежайы жабылды. 30 желтоқсан сағат 09:00-12:00 аралығында Астана халықаралық әуежайының әуеайлағы жабық болады. Яғни жолаушыларға қызмет көрсетілмейді.
Әуежайдың Telegram каналында жарияланған видеода мәселенің мән-жайы былай баяндалады:
«Перонның жағдайы, 400 метрге жетпейтін қашықтық көрінбейді. Қатты жел, жылдамдығы 23 секундқа дейін жетеді. Бұл әуе кемелеріне қатып қалудан қорғайтын сұйықтық жағуға кедергі келтіреді».
Атап өтейік, ауа райы жақсармаса, әуеайлағының жабық болу уақыты ұзартылуы мүмкін.
Кursiv.media тілшісіне берген ресми жауабында Астана халықаралық әуежайының ресми өкілі Тойгүл Нұржанқызы:
«Астана қаласындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана халықаралық әуежайының әуеайлағына шектеу енгізілді. Қазір ұшып келетін рейстер қабылданбай жатыр. Өйткені әуеайлағында желдің жылдамдығы 16 метр секундтан 23 метр секундқа дейін жетіп тұр. Ұшақ қауіпсіз ұшу үшін желдің жылдамдығы максимум 15 метр секундқа ғана жетуі керек. Ұшақтарға қарға, мұзға қарсы сұйықтық жағылады. Желдің жылдамдығы қатты болғандықтан, тазалау жүйесі ешқандай әсер бермей тұр. Сондықтан ұшақтар ұша алмай жатыр. Осыған байланысты әуежайдағы ұшу алаңдары бос емес. Қатты жел мен боранның салдарынан ұшып келетін рейстерде кешігу болып жатыр», – деді.
Ресми өкіл Астанаға ұшып келген 2 рейсті Қарағанды қаласындағы қосалқы тұраққа жібергендерін жариялады.
«Қарағанды қаласындағы әуежай сол ұшақтарды қабылдап алды», – деді Тойгүл Нұржанқызы.
Әуеайлағының жабылуы немесе оған қандай да бір шектеудің қойылуы NOTAM халықаралық жүйесі арқылы жүзеге асырылады екен.
Бұл туралы ресми өкіл: «NOTAM халықаралық жүйесінің радиохабарламасы арқылы барлық ұшақтардың пилоттарына, барлық әуежайлардағы аэроновигация жүйесіне әуеайлағына шектеу қойылғаны туралы хабарлама таратылады. Бұл әлемдік авиация саласы қолданатын жүйе. Осы жүйе арқылы әуежайлардағы аэродромның жай-күйін білеміз. Желдің жылдамдығы қандай, мұз ба, тұман ба, аэродром ұшақ қабылдай ала ма, жоқ па деген сияқты», – деді.
Әуекомпаниялары қанша шығын шекті деген сұраққа Тойгүл Нұржанқызы: «Оны айта алмаймын, әр авиакомпаниядан сұраңыздар», – деп жауап берді.
Ол жолаушылардың өмірі мен қауіпсіздігі барлығынан жоғары әрі қымбат екенін нақтылады. Тойгүл Нұржанқызы авиокөлікпен тасымалдау ережесіне де тоқталды.
«Қазақстанда әуе рейсі кешіккен жағдайда авиакомпаниялар жолаушыларды 2 сағаттан соң салқын сусынмен, 4 сағаттан кейін ыстық тамақпен қамтамасыз етуі керек. Дәл қазір бұл процесс біздің әуежайда барлық әуекомпания тарапынан жүргізіліп жатыр. Кешігу күндізгі мезгілде 8 сағаттан, түнгі мезгілде 6 сағаттан асқан жағдайда авиакомпания өкілдері жолаушыларды жатын орынмен, яғни қонақүймен қамтамасыз етуі керек. Соның ішінде әуежайдан қонақүйге бару және келу үшін көлік қызметін ұсынуға міндетті. Егер әуерейсі толық тоқтатылған болса, барлық жолаушыға билеттің 100% құнын қайтаруға немесе келесі рейске тегін билет брондауға, сатып алуға мүмкіндік жасауы керек. Бұл ережені біздің авиакомпаниялар жақсы біледі. Сондықтан қазір осы алгоритм бойынша жұмыстарын атқарып жатыр», – деді ресми өкіл.
Тойгүл Нұржанқызы әуежайда жолаушылар ағыны жиналып қалғанын жоққа шығармайтынын жариялады. Айтуынша, 27 рейс кейінге шегерілген Бұл аз да, көп те емес. Орташа көрсеткіш.
«Қысқы мезгілде мұндай жағдай болуы қалыпты деп есептейміз. Өйткені елорда әлемдегі ең суық астаналардың ішінде екінші орында тұр. Бірінші орында Моңғолияның Ұланбатыры, одан кейін біздің Астана. Авиация үшін мұндай ауа райы өте қолайсыз болып саналады. Сондықтан біз үшін желтоқсан, ақпан айлары – ұшу, қону, жалпы авиация саласы үшін өте қолайсыз және қауіпті айлардың бірі. Жолаушылардан түсіністік танытуын және жоспарларына келтіретін кедергі үшін кешірім сұраймыз», – деді ол.
Ресми өкіл әуежайдың ұшу кестесін онлайн әуежайдың ресми сайтынан көруге болатынын мәлімдеді.
«NN-airport.kz немесе бізде 24/7 қызмет көрсететін calI-орталық бар. Ұшатын немесе жақындарын күтіп алатын азаматтар рейстің статусын 8 (7172) 702-999 нөміріне қоңырау шалып та біле алады», – деді Тойгүл Нұржанқызы.
29 желтоқсанда Алматыдан Астанаға ұшып барған SCAT ұшағы әуежайға қона алмай кері қайтқанын жазған болатынбыз.
Ал Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана әуежайынан 12 рейс ұша алмай, 19 рейстің келуі уақыты кешігіп жатқанын хабарлап, тізімін жариялады.