IT мамандарға кеңес: джуниордан сеньорға дейінгі жолдың ұзақтығы қанша?

Жарияланды (жаңартылды )
IT мамандарға кеңес / shutterstock

IT-мамандар үшін кеңес: бұл салада «грейд» түсінігі бар. Ағылшынның grade, яғни баға деген сөзінен шыққан. Бұл маманның не білетінін, қолынан не келетінін көрсетеді. Осы маркерге қарап, оның жалақысы қандай болатыны белгіленеді. Әр компанияның бағалау жүйесі әртүрлі. Өйткені олардың маманға қоятын талабы әр қилы. Сондықтан бір жерде мидл болып жүріп, келесі жерге сеньор болып орналасқанда таңғалудың қажеті жоқ. Әйтсе де, деңгейге бөлу қажет-ақ. Kursiv Media тілшісі бағдарламалаушылардың жаңа деңгейге өткенін көрсететін негізгі белгілерге шолу жасап шықты. Сондай-ақ, тәжірибелі мамандардың кеңесі де бар.

Деңгейіне қарай — тапсырмасы

IT саласында мынадай үш грейд белгілі: junior, middle және senior. Алғашқысы — жас маманның деңгейі. Яғни білікті әріптестерінің қанатының астында, қарапайым тапсырмаларды орындап, көмектесіп жүреді. Енді бастағандардың грейді осындай болады. Ал орта деңгей деп middle-ды айтады. Күрделі тапсырмаларды орындауға қауқары жететін, өздігімен код жаза алатын деңгейге жеткен кез. Жетекші әріптестері бастан-аяқ бақылап жүрмейді. Жай ғана істеген жұмысының нәтижесіне көз жүгіртіп шығады. Бұдан кейінгісі —  senior. Ол — барлығын өзі істей алатын маман. Яғни джуниор мен мидлдің істей алатын жұмысына қоса, архитектурамен айналысып, өзінен деңгейі кіші әріптестеріне ментор болады. Ол небір күрделі тапсырмаларды шеше алады. Бұл — жалпылама кіріспе. Енді әр грейдке жеке тоқталып, одан талап етілетін машықтарға тоқталайық.    

Джуниордан не талап етіледі?

Айтқандай, джун немесе джуниор деп енді бастаған жас маманды айтамыз. Жас дегенде оның физикалық жасы емес, саладағы тәжірибесін меңзеп отырмыз. Ол көбіне теория жүзінде ғана оқыған, практикасы өте аз маман болады. Кейбірі ЖОО-да оқыған, енді бірі арнайы курсты тәмамдаған. Яғни теорияны өте жақсы білсе де, әлі де жобалармен толыққанды айналыып көрмеуі ғажап емес. Сол себепті джуниордың практик дегеннен гөрі, теоретик деген дұрысырақ. Оның жиған білімін іс жүзінде қолданып көретін кезі осы джуниордан басталады. Әлі командада жұмыс істеп көрмеген соң не атқарған жұмыстары әлі де жеткіліксіз болғандықтан, оған біршама софт скилз жетіспеуі мүмкін. Сондықтан оған деңгейі жоғары әріптестерінің көмегі мен қолдауы аса қажет. Көбіне компаниялар джуниорларға оңайлау тапсырмалар береді. Белгілі бір шектеулері бар функционалды іске қосу дегендей жеңіл-желпі жұмыстармен айналысады. Басында ол кей нәрселерді білмей, сұрай беруі мүмкін. Оған әріптестеріне қырын қарамауға тиіс. Өйткені тәжірибені осылай біртіндеп жияды. Алдымен өзі істеп көріп, келістіре алмаса жетекшісінен көмек сұраса болады. Әдетте джуниорлардың жазған коды күрделі, түсініксіз болып жатады. Бірден таза әрі жеңіл код жазу оңай емес. Оған да қол үйренуі керек. Неғұрлым көбірек практика жасаған сайын, соғұрлым жұмысты өнімдірек істей бастайды. Қателесуден қорықпаған абзал деп кеңес береміз. Себебі білмегенді үйрететін, жол көрсететін тәжірибелі мидл және сеньор әріптестері бар. Компаниялар жұмысқа джуниор алған кезде одан кемінде мидл жасап шығаратын ниетпен қабылдайды. Сол себепті оның дамуына, үйренуіне бар жағдайды жасайды. Ментор бекітіп, түрлі трениңдер өткізіп, қажет болса кейде оқуын төлеп береді. Бастысы, талабы бар, жанып тұрған маман болса болды. 

Ал енді оған қойылатын талаптарға келсек, IT саласының ауқымы кеңейген сайын, мамандарға деген сұраныс та артып, талап та күшейіп келеді. Осыдан бірнеше жыл бұрын джуниорға қойылатын талап пен қазіргіні салыстыру қиын. Айталық, бұрын фронтенд-бағдарламалаушыға JavaScript, HTML немесе CSS3 білсе жеткілікті еді. Бүгін бұған қоса React не Angular секілді бір фреймуоркті меңгеру талап етіледі. Бұған себеп — бүгінде осы мамандықты меңгергісі келетін студент көп. Одан қала берді онлайн және офлайн курс та жетіп артылады. Бас-аяғы жарты не бір жылда толық курсты оқып шығатындай да мүмкіндік бар. Екінің бірі курс оқып алып, жұмыс сұрап келетіндіктен, тәжірибесі аз не тіпті жоқ кандидаттардың ішінен ең үздік дегенін іріктейді. Софт скилздің ұжымда істеген соң қалыптасатынын ескерсек, джуниордан көбіне хард скилз сұралады. Яғни кәсіби білігі маңыздырақ. Ол мамандық түріне қарай әр түрлі. Мысалы енді бастаған уеб-бағдарламалаушыдан графикалық редакторларды білу сұралса, PHP-бағдарламалаушыдан CMS білу керек деген талап қойылады. 

Жұмысқа орналасатын кезде маманға портфолио өте маңызды. Оған баса мән беру керек деген кеңес береміз. Соның ішінде джуниор көп үміткердің ішінен ерекшеленгені абзал. Мейлі, сізде тәжірибе жоқ делік. Есесіне машық пен біліміңіз жақсы деңгейде болса, онда жас маманды соған қарап командаға қабылдауға дайын болады. Портфолиоңызда міндетті түрде кейстер болсын. Университетте оқығанда, онлайн-офлайн курста жасаған шағын жобалар жарайды. Хостиңге арналған GitHub, GitLab сынды уеб-сервистердегі жұмыстарының базасы керек. Себебі жас маманның жүйемен жұмыс істей алатыны жұмыс беруші үшін маңызды болады. Хакатондарда, байқауларда жасаған жобалары болса, тіпті жақсы. Тіпті орын алмаса да, бастысы қатысып, атқарып көрген болсын. Өйткені жұмыс беруші одан болашақта мықты маман шығаруды көздейді. Ал әлгіндей сайыстарға жоба бергені оның үйренуге құштар, тез қағып алатын, белсенді екенін дәлелдейді.

Мидл немен айналысады?

 Джуниор болып біраз нәрсе үйреніп, тәжірибе жинаған соң, келесі деңгейдің «есігі» ашылады. Яғни компанияның ньюанстарын түсіне бастаған соң, қажет құралдарды пайдаланып үйренген соң мидлге айналады. Яғни бағдарламалау тілдерін, фреймуорктерді, деректер базасын басқаратын жүйелерді меңгеріп алған соң, маман өзі де деңгейі өскенін сезе бастайды. Бұл маман жобаларға арнап өзі код жаза алады, бірнеше бағдарламалау тілін біледі, қосымша технологияларды керек кезде қолдана алады. Күрделі заттарды қарапайым тілмен түсіндіре алады. Оның жазған кодын алдыңғы деңгейдегідей тексерудің қажеті жоқ. Себебі ол өзі білетін тілде кодты емін-еркін жазып үйренген. Базалық концепцияларды да жақсы түсінеді. Өзі істеген жұмысты өзі тексеріп, кем-кетігін таба алады.

Неғұрлым қарапайым, оқуға жеңіл код жазу үшін не істеу керегін де біледі. Дедлайннан асып кетпес үшін уақытын дұрыс жоспарлап үйренген, тапсырманы жылдам орындайды. Стандарт бір-екі шешім ғана емес, шаблоннан тыс, бірнеше шешім де өздігімен ұсына алады. Мидл маманның компанияда ойып алған орны бар. Жұмыс берушілер оған жақсы қарайды, жағдайын жасауға тырысады. Одан әрі білігін арттырсын деп мүмкіндіктер ұсынады. Жұмысына тастай мидл маман жерде қалмайды.   

Басшылықтың бар сенімі — сеньорда

 IT-маманның мансап жолындағы жоғары деңгей — сеньор. Одан кейін тимлид позициясы бар, әрине. Бірақ ол әркімнің қалауына қарай. Себебі мұнда бағдарламалау емес, көбіне жобалармен жұмыс істеледі. Ал нақты бағдарламалау жолында шыңы — сеньор деңгейі. Бұл маманның жазған коды мінсіз деуге болады. Мін табудың өзі қиын болуы мүмкін. Жақсы жазып қана қоймай, ол жерде компанияның спецификасын, құралдарын да ескереді. Ол архитектураны өте жақсы түсінеді, кітапханалардың қалай құрылғанын мықты біледі, фреймуоркті «шашады». Өздігімен сервис не қолданбаны нөлден жасап шығара алады. Техникалық тұрғыдан төнетін қауіпті жақсы білетіндіктен, болжам жасап, оның алдын ала алады. Жөнді жазылмаған кодты қалай түзеу керегін біледі. Жоба «қатпай» жұмыс істеп тұруы үшін қай жердегі қателікті қалай реттеу керегінен хабардар. Тіпті бұрын істеп көрмеген жобаларға да қосылып, реттеп кете береді. Тәжірибе жинағандықтан, оған бұл нәрсе еш қиындық тудырмайды. Қайта сеньор кіріссе, жұмыс жайнап сала береді. 

Карьерасын одан жоғары деңгейде жалғастырғысы келсе, сеньорға бизнестегі мәселелерді шешуді үйрену керек деген кеңес береміз. Ол үшін тапсырыс берушімен сөйлесіп, оның не қалайтынын біліп алады. Жобаның мақсатын анықтап, қандай проблеманы шешуге бағытталғанын сұрастырады. Сөйтіп команда жинап, джуниорлар ме мидлдерге тапсырмаларын үлестіріп, жұмыс барысын бақылайды. Мерзімге сай істелуін, нәтижесі тапсырыс берушінің көңілінен шығатынын қадағалау да — соның мойнында. Басшылықтың бар сенгені —сеньорлар болғандықтан, олармен үнемі байланыста болады. Клиенттермен де үздіксіз сөйлесіп, фидбәк алып отырады. Сеньор болу үшін IT-де ондаған жыл жұмыс істеу міндетті деп ойласаңыз, қателесесіз. Өйткені мұнда тәжірибе ретінде жыл емес, жобалар, экспертиза, софт скилз маңыздырақ. Соның ішінде коммерциялық жобаларды жасап көргендерге сұраныс жоғары. Олардың сәтті атқарылғаны да маңызды.  

Мамандардан кеңес Еркебұлан Есенов, Dar Tech компаниясында Tech lead Backend developer: Бағдарламалаушылардың жаңа деңгейге өтуі тікелей өзіне байланысты. Біз енді бастаған кезде грейд болмаған еді. Жұмыс істеу принципіміз де басқаша болатын. Бірақ біраз жылдық тәжірибем мен білігім болғандықтан, жұмысқа орналасқан кезде компанияға бірден «сеньор» болып орналастым. Егер маман жауапкершілік алудан қорықпаса, онда тез өседі. Ал қорқақтаса, жолы ұзақ болады деген кеңес берем. Сондықтан мойнына алған істі сапалы, жылдам істей алатын болсаңыз, келесі деңгейге өсуіңіз де тезірек болады дер едім. Неғұрлым көп қиындықпен бетпе-бет келіп, оны шеше білген адам тәжірибелі саналады. Мысалы мансап жолында қателік көп жасаса, оны реттеу жолын да маман жақсырақ біледі деген сөз. Өйткені ол сонымен жұмыс істеді, реттеді. Өз басым сұхбаттасуға келген маманның деңгейін тексеру үшін қандай технологияларды білетінін сұрап, проблемаларды қалай шешкенін біліп аламын. Егер кездескен мәселелерін айтпаса, демек ол теориясын білгенімен, іс жүзінде жолықпаған деген сөз. Ал тәжірибелі маман болса, қиындықтан қорықпайды, шешуге де дайын тұрады.

Данияр Мұқанов, Umag компаниясында Android Tech Lead: Тоқтаусыз жұмыс істеп келе жатқаныма жеті жылдан асты. Джуниор деңгейінде 1 жылдай, мидлда 2 жылға жуық уақыт жүрдім. Содан кейін сеньор позициясындағы жұмыстарға тапсыра бастадым. Негізі грейд компанияға байланысты. Яғни бір жерде мидл болсаңыз, екіншісінде сеньор болуыңыз мүмкін деген кеңес берер ем. Әрі бұлай деңгейге бөлуі компанияның мықты не онша емес екенін де білдірмейді. Жай ғана компанияның спецификасына қарайды. Деңгейлерді шартты түрде деп айтқаным сондықтан. Бізде 4-5 жыл жұмыс істесе болды, сеньор болады деген қате түсінік бар. Сеньорға дейін көтерілу үшін скилдерді дамыту керек. Сұхбаттасу өткізген кезде жан-жақты сұрастырамыз. Әрине сұрақтарға жауап бергеніне қарай толық объектив бағалау мүмкін емес. Дегенмен сол шаблондарға сүйенуге тура келеді. Әркім өзін белгілі бір позицияға ұсынған кезде де «болмасаң да, ұқсап бақ» демекші, ішкі сезімі, білігіне қарай белгілейді. Бір компанияда ұзақ уақыт істеп, отымен кіріп, күлімен шығатын маманды сеньор деуге болады деп есептеймін. Басты көрсеткіш деп білетін технологияларын алуға болады. Тіпті атқарған жоба саны да маркер бола алмайды деп ойлаймын. Қорыта келгенде айтарым: деңгейлер әр компанияда әртүрлі бағаланады.     

Сондай-ақ оқыңыз