20 миллион қазақстандық, Qarmet қайтуы, Рахмонов жеңісі: 2023 жылдың қуанышты жаңалықтары

Жарияланды
2023 жылдың қуанышты жаңалықтары / freepik, statgov, UFC және Ұлттық банк

2023 жылы Қазақстанда экономикалық өзгерістер болып, бірқатар топ өкіліне әлеуметтік қолдау пакеттері көтеріліп, уақытша зейнет жасы қысқарды. Бұдан бөлек, отандық спортшылар да үздіктер қатарына көрініп, Қазақстан туын желбіретті. 2023 жылдың қуанышты жаңалықтары.

20 миллионға жеттік!

2023 жылдың 14 қарашасында осы жылдағы ең керемет жаңалық жария болды. Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Осы күні бес сәби (екі қыз, үш ұл) дүниеге келіп, елдің 20 миллионыншы азаматы атанды. Ұлттық статистика бюросы соңғы 30 жылда Қазақстан халқының саны 22,3% өскенін хабарлады. Елдегі орташа жас мөлшері – 32 жас.

Әлеуметтік қолдау

2023 жылы ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеге жетті, ал айлық есептік көрсеткіш 3 450теңге болды. 1 қаңтардан бастап төменгі және жоғарғы зейнетақы көлемі арта бастады. Жалпы жылдық өсім 13% құрайды. 2025 жылға дейін зейнетақы көлемі 27% көтерілуі қажет.

Бұдан бөлек, 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша төлем 1,5 жылға созылды.

Дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы орташа есеппен 20% көтерілді.

Мемлекеттік шәкіртақы көлемі өсті:

– ЖОО студенттері – 41 898 теңге

– Магистратура студенттері – 97 024 теңге

– Докторантура студенттері – 217 500 теңге;

– Педагогика және медицина мамандықтарында оқитын бакалавр студенттері – 67 200 теңге;

– Резидент-дәрігерлер мен медицина саласындағы магистранттар – 111 579 теңге;

– Интерндер – 75 890 теңге;

– Арнайы даярлық студенттері – 32 681 теңге алады.

Жастар санатының шегі ұзарып, әйелдердің зейнетақы жасы өзгерді

2028 жылдың соңына дейін әйелдердің зейнет жасы 61 жас болып өзгерді. Яғни 2028 жылы 61 жасқа толған әйелдер зейнетке шығып кетсе, 2029 жылдан бастап 63 жаста шығуға мәжбүр болады. 

Жастар санатының шегі 29 жастан 35 жасқа ұзарды. Енді 35 жасқа дейін жастарға арналған мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға мүмкіндік ашылды.

Цифрлық теңге іске қосылды

Осы жылы ұлттық валютаға 30 жыл толуына орай, Ұлттық банк Цифрлық теңгені жария етті. Енді қазақстандықтар интернет жоқ жерде де цифрлық теңгемен төлем жасай алады. Әзірге жоба пилоттық режимде жұмыс істеп тұр. 15 қараша Қаржыгерлер күнінде цифрлық теңгеге бір шыны аяқ кофе сатып алынды.

Qarmet қайтып оралды

Желтоқсан айында Үкімет «АрселорМитталТеміртау» компаниясының комбинаттарын 286 млн долларға сатып алды. Компания бұрынғы Qarmet атауын қайтып алып, оның жаңа инвесторы қазақстандық бизнесмен Андрей Лаврентьев болды

Айта кетейік, «АрселорМитталТеміртау» компаниясын қайта сатып алуға кен орында болған апаттар себеп болды. Осы жылдың өзінде 51 адам қайтыс болған. Тамызда «Қазақстан» шахтасында шыққан өрттен 5 кенші қайтыс болса, қазанда «Костенко» шахтасында болған апаттан кейін үйіндіден 46 кеншінің мәйіті табылды.

Заңсыз иемденілген активтер қайтарылды

Шілдеде президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз иемденілген активтерді елге қайтару» туралы заңға қол қойды. Үкіметтің хабарлауынша, 2 жыл ішінде елге 1 трлн теңге қайтарылған. Оның ішінде 600 млн доллар, 270 млрд теңге шетелден қайтарылған. Бұл қаржы елдегі білім, медицина және инфрақұрылымды дамыту салаларына бөлінетін болады.

Спорттағы жетістіктер

Биыл Қытайдың Хуанчжоу қаласында Азия ойындарында Қазақстан Олимпиада құрамасы 10 алтын, 22 күміс пен 48 қола алып, 11-орынға жайғасты. Хуанчжоуда өткен Азия Пара ойындарында Параолимпиада құрамамыз 8 алтын, 12 күміс, 21 қола медальмен 11-орынға жайғасты.

Қазан айында қазақстандық әуесқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы орта салмақтағы WBO чемпионы белбеуіне IBF белбеуін қосты.

Қазан айында тағы бір қазақстандық спортшы Андрей Бублик АТР турнирін топ жарып, әлемнің үздік 40-теннисшісі қатарына қосылды.

Желтоқсанда қазақстандық файтер Шавкат Рахмонов UFC промоушеніндегі 6 жекпе-жегін жеңіспен аяқтап, әлемдік рейтингте 3-орынға тұрақтады.

Желтоқсанның соңында Қазақстан Футзал құрамасы ӘЧ-2024 элиталық кезеңін жеңіспен аяқтап, барлық қарсыласынан басым түсті.

Сондай-ақ оқыңыз