Жыл қорытындысы: 2023 қандай маңызды Заң жобалары қабылданды?

Жарияланды
Заң жобалары
2023 жылы 100-ге жуық маңызды Заң жобалары қабылданды / Фото: shutterstock

Биыл мемлекет басшысы 98 заңға, 344 жарлыққа, 91 өкімге қол қойған. Бұл туралы Президент кеңесшісі-баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты. 

«Президенттің тікелей бастамасымен әзірленіп, күшіне енген нормативтік-құқықтық актілердің бірі – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заң. Мұның бәрі еліміздің байлығын халық арасында әділ бөлуге негізделген маңызды қадамдар деп айтуға болады. Себебі қайтарылған активтердің есебінен ел өңірлерінде әлеуметтік, инфрақұрылымдық нысандар салынып жатыр, яғни қаржы халықтың мұқтаждығына жұмсалады», – деді мемлекет басшысының баспасөз хатшысы.

Қабылданған құжаттардың барлығы маңызды. Десе де, біз сол заңдардың ішіндегі ең елеулі дегендеріне тоқталып өтсек.

«Ұлттық қор – балаларға»

Биылғы жылдың ең елеулі оқиғасы, әрі көпшілік көп талқылап жатқан заң – «Ұттық қор – балаларға» жобасы болды. Бұл заңға президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 қарашада қол қойды. Ол заңға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық табысының 50%-ы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Осы орайда ата-аналар сақ болған дұрыс. Себебі шот ашып беруді уәде етіп, орынсыз тұста ақша табатын айлакерлер пайда бола бастаған. Бар-жоғы еGov mobile қосымшасына немесе еGov порталына кіріп, баласының тіркелген немесе тіркелмегенін анықтауы керек. Тіркелмеген болса, оны сол порталда оңай тіркей салуға болады. Баланың шотына түсетін қаржыны да БЖЗҚ немесе еGov арқылы тексеріп отыруға болады.

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысуға 9 банк өтініш бергенін айтты. Олардың барлығы арқылы ақша алу мүмкіндігі бар.

Ақшаны балалар шешіп алғанға дейін есеп-шоттардағы қаржы доллармен сақталады. Солайша Ұлттық қор шешімімен инвестицияланып, табыс әкеліп отыруға тиіс. Жоба аясында алған қаржыны оқу ақысын төлеуге немесе тұрғын үй алуға жұмсауға болады.

Алдын ала болжам бойынша, 2024 жылы 18 жасқа толатын азаматтар бір жыл үшін $160–170 алады. Ал биыл дүниеге келген балалар 18 жасқа толғанда, $3,5 мың алуы мүмкін.

Жобаны президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. 18 қарашада парламент заңды қабылдап, президентке жіберген. 2024 жылы 18 жасқа толатын балалар қаржыны 1 ақпаннан кейін ала алады.  

Заңсыз иемденілген активтерді қайтару

Заңсыз иемденілген активтерді қайтару туралы заң да халық үшін аса маңызды оқиғалардың бірі болды. Бұл заңға Президент Қасым Жомарт Тоқаев 12 шілде күні қол қойды.

Заң ережелерін қолдану үшін көрсетілген критерийлерге қосымша тұлғаларда Заңда белгіленген шекті сомадан – 13 млн АЕК-тен асатын( 44 млрд 850 млн теңге немесе шамамен 100 млн АҚШ доллары) активтері болуға тиіс. Активтерді қайтару жұмыстарын арнаулы уәкілетті орган Бас прокуратура жанынан құрылған арнайы комитет жүзеге асырады. Ол заңнамада тыйым салынбаған басқа да көздер негізінде мониторинг пен талдау жүргізеді.

Егер комитет талдау барысында сатып алынған активтердің заңдылығына қатысты күмән туындаса, ол активтерді қайтару жөніндегі Премьер-Министр жасақтаған, Парламент депутаттарынан, қоғам қайраткерлерінен, Үкімет мүшелерінен, мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынан және өзге де тұлғалардан құралған комиссияға осындай субъектілер мен олардың үлестес тұлғаларын тиісті реестрге қосу туралы ұсыныстар енгізеді.

Комиссия адамдарды Реестрге енгізген жағдайда, уәкілетті орган бұл туралы оларды хабардар етеді. Осы сәттен бастап бұл тұлғалар активтерді иемденудің заңдылығын растайды. Олар активтер туралы декларацияны бір ай ішінде не 3 ай ішінде тапсыра алады.

Декларацияда субъектілер заңды тұлғаның кірістерін, активтерін, жарғылық капиталына қатысу үлестерін, Қазақстандағы және шетелдегі қарыздарды, активтердің шығу тегі туралы өзге де мәліметтерді көрсетуге тиіс. Егер тұлға активтерді иемденудің заңдылығын растай алмаса, онда мұндай активтер шығу тегі түсініксіз активтер деп танылады.

Активтерді қайтару комитетінің құрылуы

Бұл комитетті құру жөніндегі Жарлыққа мемлекет басшысы 12 қазанда қол қойды. ҚР Бас прокуратурасының жанынан құрылған комитет өз жұмысын ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүзеге асырады.

«Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті заңсыз сатып алынған мүлікті қайтару жөніндегі уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мемлекет мүддесі үшін мүлікті қайтару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ведомство саналады»,– делінген құжатта.

«Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Мүлікті қайтару жөніндегі комитеті» республикалық мемлекеттік мекемесі – Бас Прокуроры айқындайтын тәртіппен заңсыз алынған мүлікті қайтару, іздестіру (ашу), шығу тегін растау, алдын ала уақытша шараларды қолдану және мемлекетке қайтару мақсатында қылмыстық құқық, әкімшілік құқық және азаматтық құқық салаларында халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты жүзеге асырады.

Сонымен бірге өз құзыреті шегінде халықаралық шарттар бойынша міндеттемелердің орындалу жай-күйінің мониторингін қамтамасыз етеді.

Ақпараттық қауіпсіздік

Ал 11 желтоқсанда президент Мәжіліс депутаттары бастамашылық етуімен әзірленген ақпараттық қауіпсіздік туралы заңға қол қойды. Нақтырақ айтқанда, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпараттық қауіпсіздік, ақпараттандыру және цифрлық активтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң дербес деректерді қорғауды күшейтуге және цифрлық майнинг жөніндегі қызметті реттеудегі құқықтық олқылықты жоюға бағытталған. Оған сәйкес жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін жинауға, өңдеуге тыйым салынады.

Бұл ақпараттық қауіпсіздік және дербес деректерді қорғауға қатысты заңды Сенат 16 қараша күні мақұлдаған болатын.

Заң дербес деректердің айналымы мен сақталуы саласында мемлекеттік бақылауды күшейтіп, құқықтық базасын қалыптастыруға көмектеспек. Заңда келесі мәселелер қарастырылған:

  • Көшіп келушілерге ұлттық мүдделерді қорғау және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмелерін ұсыну міндеті енгізіледі;
  • Ақпараттық қауіпсіздікті зерттеушілермен өзара іс қимыл бағдарламасын құру арқылы ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің жаңа тетіктері енгізілуде;
  • Цифрлық майнинг жөніндегі қызметке лицензияның қолданылуын айыру, тоқтата тұру, қайта бастау рәсімі айқындалады;
  • Алаяқтық әрекеттерден қорғау мақсатында адамдарға электрондық үкіметтің веб-порталы арқылы банктік қарыздар мен микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеу құқығы беріледі. 

Заңға сәйкес дербес деректерді қорғау саласындағы уәкілетті орган ретінде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі танылған. Оған деректер және оларды қорғау туралы заңнаманың сақталуын мемлекеттік бақылаудың қосымша функциясы беріледі. Сонымен бірге бұл заңға байланысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы, Кәсіпкерлік, Еңбек және «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасының 10 заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілмек.

Ал Цифрлық активтерге қатысты заңға цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жетілдіру бағытында лицензиядан айыру, оның қолданысын тоқтата тұру және қайта бастау рәсімі енгізілмек.

Дактилоскопия

Бұл заңға барлық қазақстандық үрке қарады. Әдетте, мұндай әрекеттерді тек қылмыскерлерге қатысты қолданып жатады. Сол себепті көпшілікке саусақ таңбасын алуды міндеттеу туралы идея ұнамады. Десе де, бұл заңға 23 желтоқсанда мемлекет басшысы қол қойды.

«Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы, «Астана Хаб» халықаралық технологиялық паркі және дактилоскопиялық тіркеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды»,– делінген Ақорда хабарламасында.

Дактилоскопия – саусақ ізін тіркеу. Саусақтардың папиллярлық үлгілерінің құрылымдық ерекшеліктері туралы ақпарат алу процесі осылай аталады. Бұл заңның негізінде саусақ ізі мен геномдық ақпарат негізінде адамның жеке басын растау мен сәйкестендірудің құқықтық нормалары белгіленеді.

Бұл жоба президентке 30 маусымда таныстырлған болатын. Сол кезде 2024 жылдан бастап жеке куәлік беру кезінде міндетті дактилоскопиялық тіркеу қолданыла бастайтыны айтылды. Ол бойынша азамат келесі рет өтінім жасағанда оның кім екені саусақ ізі арқылы анықталуға тиіс болған.

«Бұл жоба азаматтарға уақыт үнемдеп, құжаттарын өз бетінше рәсімдеуге мүмкіндік береді. Ең басты ерекшелігі – суретке түсірген кезде адамның бет-бейнесі танылады. Жобаны әзірлеушілер бұл заң негізінде алаяқтардың заңсыз әрекетіне тосқауыл қойылады. Яғни дактилоскопиялық тіркеу арқылы заңсыз құжат рәсімдеу фактілері болмайды», – деп түсіндірді жоба әзірлеушілері.

Алайда бұл міндеттеу көпшілікке ұнамады. Заңды талқылау барысында бұл талап алынып тасталды. Бұл жайлы мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева айтты. Яғни қазақстандықтар бұл тәсіл арқылы тіркелуді өз еркімен таңдай алады. Ал шетел азаматтары үшін саусақ ізін алу міндетті болып қала береді. Сондай-ақ шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға жеке сәйкестендіру нөмірін алу үшін Қазақстан аумағындағы тіркеу органдарына жеке өтініш беру талабы енгізіледі. Бұрын олар мұны елге келмей-ақ сенімхат бойынша жасай алатын. 

Кеншілер құқын қорғау

Талай кеншінің өліміне алып келген қайғылы оқиғадан соң, үкімет маңызды қадамдар жасады. Билік кеншілердің құқын қорғау, олардың еңбек жағдайы мен әлеуметтік жағдайын жақсартуды қолға алды.

Атап айтқанда, ауыр еңбек жағдайында істейтін жұмысшыларға арнайы төлем төленетін болды. Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қоғамдық бірлестіктер және еңбек жағдайлары зиянды жұмыстарда істейтін адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына 21 желтоқсан күні қол қойды

Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істеген адамдарға арнаулы төлем проактивті түрде  4 көзден қарастырылады. Ол «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы бір төлеммен төленеді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың түсіндіруінше, жұмысшы порталдан өзіне тиісті төлем мөлшерін қарай алады. Бұл үшін жеке кабинетіне кіріп, логинін теріп, авторизациядан өтеді. Бұдан кейін жұмыс берушіге өтініш жолдайды. Осының негізінде жұмыс берші еңбек шартын бұзады. Бұл ақпарат министрліктің жүйесіне енгізіледі. Осыдан соң арнаулы төлем төленеді.

Арнайы әлеуметтік төлем 4 жолмен:

  • Республикалық бюджеттен 1,5 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
  • Үкімет қаулысымен бекітілген тәртіппен БЖЗҚ-дан міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары мен жинақталған зейнетақы жинақтарын ескере отырып, міндетті зейнетақы жарналары есебінен;
  • Өмірді сақтандыру жөніндегі компаниялардан 1 ең төмен күнкөріс деңгейі мөлшерінде;
  • Жұмыс берушілердің қаражаты 1 ең төмен күнкөріс мөлшерінде беріледі.

Сонымен бірге құжатқа сәйкес, зейнетақы жинақтары жеткілікті азаматтар ертерек зейнетке шыға алады. Жеткілікті жинақ мөлшері ерлер үшін – 5,3 млн теңге, әйелдер үшін-6,8 млн теңгені құрайды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова арнайы төлемнің орташа мөлшері 200 мың теңгеден асатынын айтқан.

«Төлемнің орташа сомасы шамамен – 208 мың теңге болады. Республикалық бюджет туралы заңда ең төменгі күнкөріс деңгейі 43 мың теңге деп көрсетілген. Ең төменгі күнкөріс деңгейін екіге көбейтеміз – 86 мың теңге шығады. Жұмыс беруші – 43 мың теңге, өмірді сақтандыру компаниясы – 43 мың теңге төлейді. Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры орташа есеппен 35 мың теңге тағайындайды. Жинақталған қаражат бір уақытта, бір көзден төленеді», – деп түсіндірген журналистерге Назгүл Сағындықова.

Кеншілердің қосымша жәрдемақысына бюджеттен 85 млрд теңге қаражат бөлінеді. Бұл қаражат 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджеттен төленеді. 

Сондай-ақ оқыңыз