Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады

Жарияланды (жаңартылды )
Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа жылмен құттықтады / Ақорда

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Жаңа 2024 жылмен құттықтады.

«Биыл жұртымыз Жаңа жылды көптен күткен жағымды жаңалықпен қарсы алуда. Жақында халқымыздың саны 20 миллионға жетті. Еліміз үшін бұл ақ түйенің қарны жарылған күн болды. Халық санының өсуі – мықты мемлекет болудың және өркендеудің кепілі. Ал бақытты отбасы – бақуатты елдің арқауы», – деді Тоқаев Жаңа жылмен құттықтауында.

Президент шетелден миллиардтаған инвестиция тартылып, жұмыс орындары пайда болып, шағын және орта бизнеске жан-жақты қолдау көрсетілгенін айтты.

«Заңсыз алынған экономикалық активтерді елге қайтару жұмысы жалғасуда. Мемлекетке қайтарылған қаржы көп ұзамай халықтың игілігіне жұмсалатын болды, яғни мектептер салына бастады. Жылдар бойы игерілмей келген миллиондаған гектар жер адал шаруаларға берілетін болды», – деді ол.

Тоқаев әртүрлі мамандық өкілдерін алғыс айтып, олардың қызметтері Қазақстан дамуына өлшеусіз үлес қосып жатқанын айтты. Ол елде жаңа қоғамдық этиканы қалыптастыру, еңбекқорлық пен білімпаздықты дәріптеу және креативті экономиканы дамыту үшін көптеген маңызды жұмыстар қолға алынғанын атап өтті.

«Қазақстан ұзақ мерзімге арналған ұлттық мүддесіне сай келетін салиқалы сыртқы саясат жүргізіп, халықаралық аренадағы беделін арттыра түсті. Бір сөзбен айтқанда, осы жыл біздің еліміз үшін мол табысқа, жарқын сәттерге және маңызды оқиғаларға толы болды. Жалпы, экономикамыз 4,9 пайызға өсті», – деді Тоқаев.

Ол Жаңа жылда ел іргесін нығайтуға және халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған реформалар өз жалғасын табатынына тоқталды. Әртүрлі мамандық иелеріне қолдау көрсетіп, әлеуметтік осал топтарға жағдай жасау жұмысы жалғасатынын атап өтті.

«Біз жас ұрпақтың жарқын болашағына жол ашатын маңызды шешімдер қабылдап жатырмыз. Жақында Ұлттық қордағы қаржының бір бөлігі балалардың есепшотына түсе бастайды. Еліміздің жастары болашаққа нық сеніммен қарауы керек», – деді президент.

Ол жаңа жылда Париж Олимпиадасында спортшылардан үміт күтетінін атап айтып, болашақ ұрпақ тәрбиесіне баса мән беру керек екенін ерекше атап өтті.

«Біз – бәріміз тек болашаққа, тек алға ұмтылатын мемлекет болуымыз керек. Біз бір ел болып біріксек, кез келген белесті бағындырамыз. Ең бастысы, еліміз тыныш, іргеміз бүтін болсын! », – деді президент.

Сондай-ақ оқыңыз