2024 жылдың қаңтарынан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді реттеу тәртібі өзгереді 

Жарияланды
Жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемені реттеу тетігі қалай өзгереді/kursiv.media

Ұлттық Банкі және банк секторымен бірлесе отырып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, депозиттер нарығында анағұрлым икемді және иілімді реттеу механизмдерін енгізу туралы шешім қабылдады. Бұл туралы ҚДКБҚ баспасөз қызметі хабарлады.     

Мөлшерлемелерді реттеу не үшін қажет: Депозиттер банктерге ақшалай қор жинау көзі. Сол себепті банктер халыққа жоғары мөлшерлемелерді ұсынып, бәсекеге түседі. Осы орайда, ақшалай қаражатқа мұқтаж және басқаша ақша жинау мүмкіндігі жоқ банктер, клиенттер ақшасын тарту үшін мөлшерлемені шектен тыс асырып жіберуі мүмкін. Қаржылық сауаттылығы төмен салымшылар көбірек пайда табу үшін осындай банктерге ұрынуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жеке тұлғалардың тұрақтылығы төмен банктерге ұрынып қалуына түрткі болуы мүмкін. 

Депозиттерді нарықтық реттеу механизмінің пайдасы қандай: Осы уақытқа дейін қолданылып келген директивті басқару нарықтық шара емес. Ол банктер арасында нарықтық бәсекелестікті шектейді және келешекте олардың қызметіне нұқсан келтіруі мүмкін. Ал банктер қадағалау күшейіп, депозиттік нарық дамып жатыр. Нәтижесінде ҚДКБҚ, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және банк секторымен бірлесе отырып, 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап, депозиттер нарығында анағұрлым икемді және иілімді реттеу механизмдерін енгізу туралы шешім қабылдаған.     

Бұл реформа бойынша шекті мөлшерлемелер енді тек өтімділік тәуекелдеріне шалдыққыш және сәйкесінше өктем сипаттағы депозиттік саясат жүргізуге бейім банктер санатына ғана белгіленетін болады. Қор әдеттегідей өзінің ресми сайтында шекті мөлшерлемелер мөлшерін тұрақты түрде жариялайтын болады. Бірақ олар енді тиісті банктерге ғана арналады.

Бұл ретте жеке тұлғалардың депозиттері бойынша мөлшерлемелерді белгілеу бағдары нарықта қалыптасады. Банктер бұрынғыдай өздерінің депозиттік өнімдері бойынша мөлшерлемелерді өз беттерімен белгілейді. Алайда егер банк мөлшерлемесі нарықтағы қалыптасқан мөлшерлемеден ауытқыса, ҚДКБҚ-ның болашақ төлемдеріне арналған арнайы резервіне төлейтін жарнасының мөлшері де артатын болады. Сонымен қатар егер банктің мөлшерлемесі орташа нарықтық мөлшерлемеден төмен болса, жаңа механизм бойынша резервке төленетін күнтізбелік жарналардан дисконт көзделген. Соның нәтижесінде ҚДКБҚ үшін жүйелік тәуекел үшін төленетін жарналардың жалпы мөлшері барлық қатысушы банктер бойынша нөлге тең болады, яғни депозиттерді нарыққа қарағанда қымбатқа тартатын банктер депозиттерді нарықтық мөлшерлемеден төмен мөлшерлемемен тартатын банктердің орнына «төлейтін» болады. Осылайша нарық өзін-өзі реттейді және мөлшерлемелердің нарықта бұдан кейінгі қозғалысы әрбір жекелеген банктің шешіміне қарай қалыптасады.  

Мөлшерлемелерді реттеудің жаңа механизмін енгізудің арқасында депозит нарығында барабар нарықтық баға белгіленімі дамиды және депозиттерді тартуда бағадан тыс талаптарды жақсарту арқылы қатысушы банктер арасында бәсекелестік артады – банктің қаржылық көрсеткіштері жақсарады, қызмет көрсету сапасы артады, филиалдық желі кеңейтіледі және мобильді қосымшылар дамиды деп күтіледі.

Салымшылар нені білуі керек:

Салымшылар өз кезегінде депозиттер бойынша ҚДКБҚ кепілдіктерінің бар екендігіне қарамастан, ақшаларын сеніп тапсыратын банкті таңдауға келгенде ойланып, ақылға қонымды шешім қабылдаулары тиіс. Яғни, жарнамада көрсетілген мөлшерлемелерді ғана емес, басқа да шынайы деректерді басшылыққа алулары керек. Айталық, банкті таңдауда шешім қабылдау үшін салымшы жаңалықтардан банк туралы ескертпелерді, оның кредиттік рейтингінің қайта қаралғандығы туралы ақпараттарды ой елегінен өткізіп, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Ұлттық Банктің сайттарынан банк бойынша қаржылық деректерді тексере алады.   Банк салымы шартына қол қоюға дейінгі басты қадам – депозиттің барлық талаптарын, оның ішінде шотты толықтыру және одан мерзімінен бұрын ақша алу мүмкіндігін, сыйақыны есептеу және қайта қарау талаптарын, сондай-ақ депозитті келесі мерзімге ұзарту барысында сыйақы мөлшерлемесін белгілеу тәртібін ескере отырып, толыққанды түсіну үшін оны мұқият оқып, зерделеп шығу болып табылады.   

Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры (ҚДКБҚ, Қор) – қаржы жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз етумен айналысады. Осы міндет аясында ҚДКБҚ мөлшерлемелердің шегін белгілеу арқылы жеке тұлғалардың депозиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелерін реттеу шарасын жүзеге асырады. Соған сәйкес ҚДКБҚ мөлшерлемелерді 2008 жылдан бері реттеп келеді 

Сондай-ақ оқыңыз