2023 жылы KASE тізіміндегі қандай компаниялардың акциялары жақсы пайда алып келді?

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
Фото: Depositphotos

2023 жыл KASE-нің өкілетті тізіміндегі компаниялардың акция иелері үшін табысты болды. Қазақстан миноритар акционерлері қауымдастығының жазуынша, KEGOC-тан басқа компаниялардың акциялары өз акционерлеріне жақсы пайда алып келген.

 Жалпы KASE индексі құралдарының арасында банк секторының акциялары жақсы өсім көрсетті. Оған өсім көшбасшылары тізімін БЦК бастап тұрғаны дәлел. Қаржы ұйымының акциялары бір жылдан 52 пайыз жоғары пайда алып келген.

БЦК-дан кейін «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК акциялары екінші орында тұр: 2023 жылы 43 пайыз қымбаттаған. Ұлттық атом компаниясы акцияларының өсіміне әлемдік нарықта уранның қымбаттауы әсер еткен.

Сарапшылардың пайымдауынша, 2023 жылғы уран раллиі бенефициары акцияларының 2024 жылы да қымбаттауына толық мүмкіндік бар. Қазіргі кезде уран фьючерстері көтеріліп жатыр, егер бұл серпін әлсіремесе, баға тамыз-қыркүйек айларындағыдай өсуі ықтимал. Оған негізгі себеп – Еуропа мен АҚШ-тағы көмірсутекке балама ретінде атом энергетикасына деген қызығушылық есебінен шикізатқа сұраныстың артуы. 

Акционерлеріне жақсы пайда алып келген үздік үштікті Kaspi финтех компаниясы түйіндейді. Оның акциялары жыл басынан бері 37 пайыз жоғары пайда алып келген. 2024 жылы Kaspi қаржы тобы Nasdaq биржасына акцияларын орналастырып, 100 млн доллар тартуды көздеп отыр.

QAMS дерегі бойынша Халық банктің акциялары былтыр 29% жоғары табыс алып келген. 2023 жылы 620 млрд теңгеге жуық таза пайда тапқан қаржы ұйымының акциялары акционерлер арасында сұранысқа ие.

«ҚазМұнайГаз» акциялары 24% қосса, Қазақтелеком – 21%, ҚазТрансОйл акциялары – 18%, Kcell 14%-ға жоғары табыс алып келген.

KASE-нің өкілетті тізіміндегі компаниялар арасында биыл SPO-cы өткен KEGOC-тың акциялары 8 пайызға арзандаған.

Лондон қор биржасына саудаланатын үш компанияның да акциялары қымбаттаған:

  • Қазатомөнеркәсіп – +47%
  • Kaspi.kz – + 36%
  • Халық банкі – +30,5%.

Сондай-ақ оқыңыз