Бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынды – Тоқаев

Жарияланды
қосарланған билік жүйесі
Қосарланған билік жүйесі де «Қаңтар оқиғасына» себепші болған / Фото: shutterstock; akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш президент бойлып сайланған жылдары қосарланған билік жүйесі болғанын растады. Бұл жайлы ол «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында айтқан.

Журналист өз сұрағында кейбіреулер сол кездегі саяси жүйені Иранның, Сингапурдың жүйесімен салыстырғанын айтып, «расымен қос прзеиденттік болды ма?» деп сұраған. Ол бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғанын растады.

«Төтесінен қойған сұрағыңызға тура жауап берейін. Конституцияға сәйкес, Президент еліміздің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды, мемлекетіміздің жоғары лауазымды тұлғаларын, Қарулы Күш­теріміздің жоғары басшылығын тағайын­дайды және оларды қызметі­нен босатады. Сондай-ақ Мемлекет бас­шысы еліміздің Жоғарғы Бас Қол­бас­шысы саналады. Алайда бәзбіреулер қосарланған билік жүйесін орнатуға талпынғаны, тіпті, мұндай әрекеттерді әдейі әрі мұқият ұйымдастырғаны рас. «Билік транзиті» кезіндегі ахуалды саясаттағы айлакерлер өз мүддесіне пайдаланып, қосамжарланған билік орталығын құруға тырысты. Елімізде Президент әрі Жоғарғы Бас қолбасшы лауазымы бір бөлек, бұрынғы Президент иеленген Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы лауазымы бір бөлек болды. Осы екі лауазымның иелері бір мезетте қатар қызмет атқарды. Түптің түбінде бұл жағдайдың билікте қатаң текетірес туғызбай қоймасы анық еді»,дейді президент.

Қосарланған билік жүйесі өз кезегіде «Қаңтар оқиғасына» да әсер етпей қоймғанын айтқан.

«Мұны аз десеңіз, дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды. Өйткені ымыраласқан қаскөйлер өздері ойлап тапқан қосарланған билік, яғни «тандем» идеясын дәріптеп, оны өз мүддесіне пайдаланғысы келді. Кейбір лауазымды тұлғалардың, оның ішінде бұрынғы Әділет министрінің мәртебе жағынан Елбасы Президенттен жоғары тұратынын айтқаны естеріңізде шығар. Кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Мен кейінірек Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа оның жақын серіктерінің саяси қитұрқылығы еліміздің тас-тал­қа­нын шығара жаздағанын ашық айттым. Қалай десек те, мемлекетте үлкен және кіші президент деген болмауы керек деп санаймын. «Кеттің бе – қайы­рыл­ма!» Болашақта ел тізгінін ұс­тайтын азаматтар осы жағдайдан сабақ алып, мұндай нәрседен қашық болуға және тек қана мемлекеттің мүддесі мен қоғамның береке-бірлігін ойлауға тиіс. Өкінішке қарай, ішкі саяси дағ­дарысқа байланысты туындаған сын сағатта негізгі құқық қорғау органдары басшыларының бетпердесі сыпырылып, олардың кәсіби біліксіздігі, қала берді сатқындығы әшкере болды», дейді президент.

Мемлекет басшысы негізгі ұстанымдар Конституцияда нақты айқындалып, біржола бекітілгенін айтқан. Ата заң­ның 91-бабына сәйкес, Конституцияда белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігі, біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптерінің өзгермейтінін айтқан. Сондай-ақ Президент жеті жыл мерзімге бір рет қана сайланады деген ереженің еш өзгермейтінін атап өткен.

«Бір сөзбен айтсақ, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның еліміз үшін айрықша маңызы бар. Себебі ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Жұрт­тың құқықтық сауаттылығы мен бел­сенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды. Тоқетерін айтсақ, кері кетуге халықтың өзі жол бермейді және елге жаңа леп әкелген осы өзгерістерді табандылықпен қорғайды. Мен бұған бек сенімдімін», дейді президент.

Ол сонымен бірге референдум өткізіп, екінші мерзімге сайланатыны туралы қауесеттерге қатысты пікір білдірген. Президент өзінің екінші рет сайлануға құқы жоқ екенін, Ата заңға бұдан былай қарай оңды-солды өзгеріс енгізілмейтінін айтқан.

«Бұдан былай әркім ойына келгенін істеп, Ата заңға оңды-солды өзгеріс енгізе алмайды. Ал осындай маңызды мәселеге келгенде, тіпті мүмкін емес. Мен бұған нық сенімдімін. Конституциялық реформа Ата заңға қалай болса солай өзгеріс енгізе беру үшін жасалған жоқ. Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ереже енді ешқашан өзгермейді. Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген. Ақыры осы тақырып қозғалған екен, бұған қатысты кейбір жайтқа кеңірек тоқталып, мән-жайын аша кетейін. Мен жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүрдім. Сол кезде ұсыныс аса қолдау таба қоймады. Өзім Президент болып сайланғаннан кейін, осы бастамамның артықшылығы мен кемшілігін әбден салмақтап, оны қалай жүзеге асыруға болатыны жөнінде көп ойладым. Суперпрезидентке тән өкілет­тік­терді жою үшін 2022 жылы Консти­туцияға бірқатар маңызды өзгеріс енгізілді. Мен сол кезде жетіжылдық бір мерзім идеясын қайта ұсындым. Бастамама бүкіл халық қолдау білдірді. Осымен бұл әңгіме тәмам»,дейді президент.

Мемлекет басшысы саяси реформалардың 2019 жылы басталғанын айтқан. Сол кезде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Кеңесте маңызды заңнамалық бастамалар әзірленіп, жүзеге асырылып, сайлау, саяси партиялар, Парламент туралы заңдарға елеулі өзгерістер енгізілген.

«Елімізде олигополияның диктатурасы туралы алғаш рет ашық айтыла бастады.Бұл өзгерістер саяси және эконо­микалық монополия үстем­дік құрып тұрған кезде жалғанды жалпағынан басып жүргендерге қауіп төндірді. Сондықтан олар уақыт тегершігін кері айналдырып, бұрынғы күніне оралу үшін жанталасып бақты. Бұдан еш нәтиже шыққан жоқ. Қаңтар оқиғасынан кейін бәзбі­реу­лер «енді билік қылбұрауды қатайтып, режімді сақтап қалу үшін барын салады» деп қауіптенді. Бірақ біз керісінше жасадық. Күрделі болса да, дұрыс жолды таңдадық. Саяси жаңғыру үдерісі 2022 жылы тың қарқынмен жалғасты. Рефор­маның басты міндетінің бірі барынша әділ әрі теңгерімді саяси жүйе құру болды. Оған қоса, ат басын артқа бұру, яғни саяси өзгерістерді кері қай­тару мүм­кін болмайтындай, сонымен бірге реформалар қоғамдық өмірдегі қалыпты құбылысқа айналатындай ахуал қалыптастыру маңызды еді. Сол үшін конституциялық реформа аясында кертартпалыққа бірқатар тосқауыл қойылды», дейді ол.

Бірінші кезекте Ата заңның үстемді­гін қамтамасыз ететін, конститу­ция­лық бақылауды жүзеге асыру тетігі жолға қойылғанын айтты. Яғни Конституциялық Сот қайта қалпына келтірілді.

«Біреу­лерге Конституциялық Кеңестің аты ғана өзгергендей көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, оның заты түбегейлі өзгерді. Конституциялық Сот шешімдерінің күшін ешкім жоя алмайды. Оның шешім­деріне, соның ішінде азаматтар­дың конституциялық құқықтарына қатыс­ты байламдарына күмән келтіру­ге, Президенттің де еш қақы жоқ»,- дейді мемлекет басшысы.

Референдум демекші, мемлекет басшысы АЭС-ке қатысты референдум өтетінін айтқан. Атом электр станциясын салуды халық шешеді.

«Қазақстан үшін таза атом энер­гиясы­ның мәні зор. Бұл – ел эконо­ми­касының болашағына тікелей әсер ететін айрықша маңызды мәселе. Біз табиғи уран өндіру көлемі жағынан әлемде бірінші орын аламыз. Ядролық отын компоненттерін де өзіміз өндіре­міз. Сол себепті мен еліміздің аума­ғында АЭС салу жайына айрықша мән бе­ремін. Түптеп келгенде, энергети­ка қауіпсіздігі мәселесін геосаяси мүд­де емес, нақты қажеттілік пен мүмкін­дік­тер тұрғысынан қарастырып, ғылыми зерттеулер негізінде шешкен жөн. Ел ішінде АЭС құрылысына үзілді-кесілді қарсылық білдіріп жатқандар да бар. Бұл – түсінікті жайт. Көпшілік Семей ядролық полигонының қасіре­тін ұмыта қойған жоқ. Мұқият назар аударуды қажет ететін басқа да күр­делі жайттар бар. Мысалы, жобаның құны мен экологияға әсерін қаперден шығаруға болмайды. Сондықтан бұл бастаманың мән-маңызын ескере отырып, АЭС құры­лысына қатысты мәселені жалпы­халық­тық референдумға шығаруды ұсын­дым. Халқымыз үшін аса маңыз­ды осындай шешімдердің референдум арқылы ғана қабылданатыны 2019 жыл­ғы сайлау алдындағы бағ­дар­ла­мамда нақты көрсетілді. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы мен Әділетті Қазақстан қағидаттарының іс жүзінде орындалуы дегеніміз – осы. Болашақта әлі талай қоғамдық талқылау өткізіледі. Азаматтар референдумда дауыс берген кезде АЭС салуды жақтаған немесе қарсы болған сарапшылардың дәйекті пікірлерін барынша таразылап, ой елегінен өткізіп барып шешім қабылдауға тиіс. АЭС саламыз ба, салмаймыз ба – мұны халық шешеді», дейді Тоқаев.

Президент Қасым Жомарт бұл сұхбатында Қаңтар оқиғасы жайлы да сөз қозғаған. Ол бұл оқиғаны халық көтерілісі емес, төңкеріс деп бағалаған.

Сондай-ақ оқыңыз