Желтоқсан айында Ұлттық қордан 646 млн доллар валюта сатылды, қаңтар айында бұл көрсеткіш 1,1 млрд долларға жетуі мүмкін

Жарияланды (жаңартылды )
Шығарушы редактор
валюта сатылды
Фото:kursiv.media

Желтоқсан айында Ұлттық қордан 646 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Одан түскен қаржы республикалық бюджетке трансферт қамтамасыз ету және «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуға жұмсалған. Бұл туралы Ұлттық банктің валюта нарығы жайындағы ақпараттық хабарламасында жазылған.

Ұлттық банктің мәліметінше, Ұлттық қордан валюта сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 18%-ын құрап, күніне 34 млн АҚШ долларынан аспаған.

Ал осы айда Ұлттық Банк Ұлттық қордан 1-1,1 млрд АҚШ долларына дейін валюта сатуы ықтимал. Түсетін қаражат Үкіметтің алдын ала өтінімі бойынша, республикалық бюджетке трансферт бөлуге жұмсалады.

Сонымен қатар, Ұлттық банк өткен айда БЖЗҚ зейнетақы активтерінің валюталық үлесін 30% деңгейінде ұстап тұру үшін биржадағы сауда-саттықта шетел валютасын сатып алуды жалғастырған. Оның жалпы сомасы 191 млн АҚШ долларын немесе жалпы нарық көлемінің шамамен 5%-ын құрады.

Желтоқсан айында, теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 454,69 теңгеге дейін 0,8%-ға нығайды. Қазақстан қор биржасындағы бір күндегі орташа сауда-саттық көлемі бір айда 192 млн-нан 176 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Жалпы сауда-саттық көлемі 3,5 млрд АҚШ долларын құраған.

«Ұлттық Банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды. Бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сату дегенді білдіреді. Бұл тәжірибе Ұлттық қор операцияларының валюта нарығына әсерін барынша азайтуға мүмкіндік береді», – делінген хабарламада.

«Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ активтерінің валюталық үлесін ұлғайту аясында Ұлттық Банк 30 млн АҚШ доллары мөлшерінде валюта сатып алған.

Қараша айында Ұлттық банк бюджетке бөлінетін трансферт пен ҚМГ акциялары үшін Ұлттық қордан $1,32 млрд валюта сатқаны белгілі. Ал қазан айында Ұлттық қордан 1,5 млрд АҚШ долларына тең ваюта сатылды. Соның ішіне «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан 500 млрд теңге жұмсалған.

Сондай-ақ оқыңыз