Тек қолма-қол ақша талап етіп, банк картасы мен QR арқылы төлем қабылдаудан бас тарту – заңсыз

Жарияланды
Фото: kursiv.media

Соңғы жылдары банктердің мобильді қосымшаларының танымалдығы артып, кәсіпкерлер оларды тауарларды сату және қызметтерді көрсетуде төлемдерді қабылдау үшін көбірек пайдаланды. Ал 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жеке кәсіпкерлер қолма-қол ақша төлеуді талап етіп, банк картасы, QR төлемі мен мобильді аударымдарды қабылдамауы жиі кездесіп жатыр.

Негізінен қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту заңсыз. Өйткені «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған.

«Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген (ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 194-бабы)», – деп жазылған Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан хабарламада.

Жалпы Қазақстанда 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға дейін өсті. 6 жастан асқан балалар да қолма-қол ақшасыз төлемдерді белсенді пайдаланады, ата-аналардың 41,4%-ы балаларына карта рәсімдеген.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап барлық кәсіпкерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыруға тиіс, сондықтан кәсіпкерлік қызметтен алынған кірістерді дұрыс көрсету өте маңызды.

Сондай-ақ тауарларды сату немесе қызмет көрсету кезінде кәсіпкерлер сатып алушыға түбіртек беруге міндетті.

Еске сала кетер болсақ, мобильді аударым жиі жасалғаны үшін кімдер салық төлеуі мүмкін екенін ашып жазған болатынбыз. Үкімет басшысының орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев журналистердің осыған қатысты сауалдарына жауап берген.

«Бұл заң былтыр қабылданды. Кәсіпкерлік қызметтің сипаты бар мобильді аударымдарға салық салынуға тиіс. Туысқандар мен әріптестер арасындағы ақша аударымының кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ. Сондықтан мұндай аударымдарға салық салынбайды», – деді Мәжілістің жалпы отырысынан кейінгі баспасөз мәслихатында Ерұлан Жамаубаев.

Үкімет басшысының орынбасары басты мақсат жиі жасалатын ақша аударымдарын фискалдандыру екенін атап өтті.

«Біз арнайы карта, есепшот ашу қажет екенін айтып жүрміз. Осыны орындағаннан кейін қанша аударым жасайтыныңызды өзіңіз білесіз. Кәсіпкерліктің белгілі бір түрі бойынша тіркеліп, салық төлесеңіз болды. Көлеңкелі экономикада жүрген бизнесті осыған тартып жатырмыз», – деді Ерұлан Жамаубаев.

Сондай-ақ оқыңыз