Freedom Holding Corp негізін қалаушы және бас директоры Тимур Турлов Қазақстан экономикасы жыл сайын 6–8% өсуі үшін оны «қаржыландыру» деңгейін арттыру қажет деп пайымдайды. Ол банк секторындағы қаржыны нақты секторға бағыттауды ұсынып отыр.
Турлов Қазақстан экономиканың әртүрлі саласы: энергетика, data-орталықтары, логистика, коммуникация саласы, өндіріс пен бүкіл бағытта инвестиция салу керек деп санайды.
«Ұлттық банк банктерден қаржыны жылдық ±15,75%-бен алып, бірнеше триллион теңгені экономикадан «алып тастап» отыр. Соңғы бір жылда банктер мен салымшылар еш тәуекелге бармай-ақ, 1 млн теңгесін 1,16 миллион теңгеге айналдырып алды. Оған қоса Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені «инфляциямен күрес» деген желеумен ұстап тұр», – деді холдинг басшысы.
Тимур Турлов Қазақстанда білімді, талантты ойлы жастардың көп екенін және елімізді дамытуға қажет ресурс та, әлеует те жететінін айтады. Сонымен қатар елдің ішкі жинақтары экономика игілігіне жұмыс істей алады. Айталық, қазіргі кезде БЖЗҚ активтерінің үштен бір бөлігі дерлік АҚШ облигацияларына инвестицияланған (шамамен 10 млрд доллар), Ұлттық қор мен үкіметтің өтімді валютадағы активтері 60 млрд доллардан асады.
Турловтың пайымдауынша, салымшылардың қаржысы жұмыс істемей, құр жатса, банктер саусағының ұшын қимылдатпай-ақ байып жатса – бұл шын байлық емес, «жалған байлық». Нәтижесінде бұл ақша құнсызданып кетеді. Турлов банктерге бекерден-бекер ақша төлемей, негізгі мөлшерлемені төмендету қажет деп тұжырымдайды.
Freedom Holding басшысы Ұлттық банкке тек «Қаржы министрлігін мемлекеттік қарыз бойынша көбірек пайыз төлеуге мәжбүрлеп» отырмай, менеджер ретінде, тәуекелге бел буып, ел экономикасына несие беріп, «KPI орнатуды» ұсынады.
Қыркүйек айында Турлов «инфляциядан қорғанғың келсе – тәуекелге барып, өз еліңнің экономикасына қаражат салу қажет» екенін жазған. Сол кезде банктер несие беруді қысқартып, есесіне барынша сенімді құралдар: орталық банктердің бағалы қағаздары мен мемлекеттік облигацияларға салып, бастарын тәуекелден ала қашып отырғанын айтқан еді. Тәуекел төмендеген сайын, банктердің жауапкершілігі де азаяды. Нәтижесінде ірі экономикаларда өсім күрт баяулап, жұмыссыздықпен бетпе-бет келді.