Алматы прокуратурасы аграрлық университетте 44 млн теңге жымқырылғанын анықтады

Жарияланды
Үлттық агарлық университеті
Ұлттық аграрлық университеті 7,9 миллион теңгеге коммерциялық үй-жайларды жалға беру кезінде алаяқтық жасаған / Коллаж: kursiv.media

Алматыдағы ұлттық аграрлық университеті өтірік егін егіп, 43,8 млн теңге жымқырған. Бұл жайлы Алматы қалалық прокуратурасы хабарлады.

«Алматы қаласының прокуратурасы Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетін тексеру қорытындысы бойынша жалған тұқым себу және егіс алқаптарын өңдеу арқылы бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады. Келтірілген шығын 43,8 млн теңгені құрайды, тергеуді Алматы қаласы прокуратурасының сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы жүргізуде», – делінген баспасөз хабарламасында.

Прокуратураның хабарлауынша тағы бір жағдайда университетке тиесілі 7,9 миллион теңгеге коммерциялық үй-жайларды жалға беру кезінде алаяқтық фактілері де анықталған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру Медеу ауданының полиция бөліміне тапсырылған.

Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің қазіргі құрылтайшысы әрі ректоры – Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы. Оған дейін бұл оқу орнын Назарбаевтың қайын атасы – Тілектес Есполов басқарған. Бұл оқу орнын ол 21 жылдан соң, яғни 2022 жылы ғана босатқан. Алайда Алматы прокуратурасы жариялаған ақпаратта қай ректордың кезінде ақша жымқырылғаны нақты жазылмаған.

Еске сала кетсек, 1 маусым күні Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университетінің ғалымдары оқу орнының есебінен шығарылған активтерді қайтару мәселесін көтерген болатын. Активтер құрамында 1000 орындық 3 студенттік жатақхана, ауданы 18828,5 шаршы метрді құрайтын 5 корпус бар. Сонымен бірге жалпы алаңы 1,8 га болатын жаттығу-спорт кешені бар 1 стадион, жалпы ауданы 700 шаршы метр болатын әкімшілік ғимараттар мен басқа да жылжымайтын мүлік объектілері бар. 

Ал 17 шілде күні ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов құзырлы мемлекеттік органдарға жоғары оқу орындарын тексеруді тапсырды. Олар тиісті құжаттар мен шарттарды тексеріп, олардың заңдылығына құқықтық баға беруге тиіс. Бұл жайлы мемлекеттік органдар, Бас прокуратура, БҚДА, ҚМА және басқа да ведомство басшыларының қатысуымен өткен Экономиканы демонополизациялау жөніндегі комиссияның кезекті отырысында айтылды. Тапсырмаға сәйкес, жоғары білім саласындағы бұрын жеке меншікке өткен кейбір активтер мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс.

Сондай-ақ оқыңыз