Жаңалықтар

Қазақстан E-gov порталының осал тұсын анықтау үшін «ақ хакерлерге» ақы төлейді

ақ хакерлер
Ақ хакерлер үкіметтен ақы алатын болады / shutterstock

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі «ақ хакерлер» деген атпен танымал ақпараттық қауіпсіздік зерттеушілерімен өзара іс-қимыл жүргізу бағдарламасына арналған бұйрықты АшықНҚА жариялады.

«Бұйрық жобасы «ақ хакерлер» (ақпараттық қауіпсіздікті зерттеушілер) және әлемдік қауымдастықта «BugBounty» ретінде белгілі ақпараттық қауіпсіздікті зерттеушілермен өзара іс-қимыл жасау бағдарламасының қызметін реттеуге бағытталған. Бұйрық жобасы қабылданғаннан соң, ақ хакерлердің бағдарламамен байланысу механизмін, сондай-ақ «электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерінде осалдықтар табуға талаптарды айқындауға мүмкіндік береді», – делінген бұйрықта.

Яғни жүйедегі қателер мен осалдықтарды анықтауға арналған «BugBounty» қауымдастығымен байланыса отырып, Цифрлық даму министрлігі Egov жүйесінің осал тұстарын анықтап, оны ретке келтіру жұмыстарын қолға алмақ.

Бұйрыққа сәйкес, «ақ хакерлер» жүйеге тіркеліп, ақпараттандыру обьектісінің тұтастығы, құпиялығы мен қолжетімділігін бұзу жолдарын қарастырады. 

Бұл санаттағы мамандар өздері тапқан осалдықтарды тексеру үшін Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бөлімінен рұқсат алады. Жүйенің осал тұстары табылған жағдайда ол туралы ақпарат таратуға тыйым салынады. Ақпарат тарату үшін арнайы рұқсат алуы қажет. Әрбір қате жайлы арнайы органға есеп беріп отыруы қажет. 

Олардың сыйақы мөлшері табылған қате мен осалдықтың деңгейіне байланысты болады. Алайда сыйақының мөлшері туралы ақпарат құпия сақталады. Сыйақы қате табылып, түзетілгеннен кейін төленеді.

Оператор хакерлер есебінен алғаннан кейін 15 күн ішінде жүйені реттеуі қажет. 

Аталмыш бұйрықты талқылау 18 қаңтарға дейін жалғасады. Ресми жарияланғаннан кейін 60 күн соң күшіне енеді.

Айта кету керек, жеке адамдар e-Gov порталында отбасы (неке, туу, некені бұзу, бала асырап алу, әке болуды анықтау, аты-жөнін өзгерту, қайтыс болу), вакцинация паспортындағы аймақ, көлік құралдарының қате мәліметтерін, міндетті мемлекеттік тіркеуге жатпайтын жылжымалы мүліктің кепілі және әскери қызмет туралы мәліметтерді, сондай-ақ білім туралы мәліметтерін түзетуіне болады.