Жаңалықтар

Мәскеуде қазақ қауымдастығы төрағасының үстінен қылмыстық іс қозғалды

фейк
Мәскеуде қазақ қауымдастығының төрағасы ұсталды / Фото: shutterstock

Ресейдің тергеу комитеті Мәскеудегі қазақ қауымдастығы жетекшісі Полат Жамаловтың үстінен қылмыстық іс қозғады.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, Жамалов Ресей Қарулы күштеріне қатысты жалған ақпарат тарату бабы бойынша күдікке ілінген.

«Мәскеудегі қазақ қауымдастығы жетекшісі, 1944 жылғы Полат Жамаловқа қатысты Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 207.3 бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды (Ресей Федерациясының қарулы күштері жайлы жалған ақпаратты көпшілікке тарату)», – деп жазады ТАСС.

Ресейде «шетелдік агент» деп танылған «Верстка» басылымы істің қозғалуына Жамаловтың Facebook парақшасындағы жазбасы себеп болғанын жазады. Ол парақшасында Украинада қайтыс болған Ресей сарбаздары туралы ақпарат таратқан.«Верстка» ақпаратына сәйкес, Жамаловтың үстінен қылмыстық іс 2023 жылдың 11 тамызында қозғалған.

Ресей Федерациясы Қылмыстық кодексінің 207.3-бабында әскер туралы жалған ақпарат таратқаны үшін 700 мыңнан 1,5 миллион рубльге дейін айыппұл төлеу немесе 1 жылдан 5 жылға дейін түзету жұмыстары немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қабылданған. «Радио свобода» басылымының ақпаратына сәйкес, бұл бап бойынша соңғы 2 жылда 200 жуық іс қозғалып, 30 жуық іс сотқа жетіп, 4 адам бас бостандығынан айырылған. Басылымның жазуынша, аталмыш істердің барлығы Ресей әскерінің Украинадағы соғыстағы жағдайы жайлы ақпарат таратқандарға қозғалған.

Айта кетейік, 2022 жылдың 24 ақпанында Ресей Украина аумағына басып кіріп, толыққанды соғыс бастады.