Каспий құбыр консорциумы 2023 жылы қазақстандық мұнай тасымалын арттырды

Жарияланды (жаңартылды )
КҚК м9най тасымалдау көлемін арттырды / КҚК

Каспий құбыр консорциумы 2023 жылы мұнай тасымалын 8%-ға немесе 63 млн 473 мың 894 тоннаға дейін арттырды. Көрсеткіш 2022 жылмен салыстырғанда 4,76 млн тоннаға жоғары. Бұл туралы Консорциумы баспасөз қызметі хабарлады.
Бұл жүйе тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.

«2023 жылдың қараша-желтоқсан айларындағы қолайсыз ауа райы жағдайларына байланысты Консорциум танкерлерге мұнай құюды бірнеше рет тоқтатуға мәжбүр болды. 2023 жылы 578 танкер жөнелтілді», – деп жазылған хабарламада.

2023 жылы барлығы Қазақстан аумағынан 56 миллион 51 мың 967 тонна мұнай және Ресей аумағынан 7 миллион 421 мың 927 тонна CPC Blend шикі мұнай сұрпы жөнелтілді.

Былтыр Каспий құбыр консорциумы жүйесіне мұнайдың ең көп көлемі Теңіз, Қарашығанақ және Қашаған кен орындарынан жөнелтілді. Көрсеткіш сәйкесінше 27,46 млн тонна, 9,6 млн тонна және 17,9 млн тоннаны құрады.

Тамыз айында компания басшысы Николай Горбан 2023 жылы КҚК арқылы 61-62 миллион тонна мұнай тасымалданады деп болжаған болатын.
Консорциум бағалауы бойынша, 2001 жылдан бастап 2024 жылдың 1 қаңтарын қоса алғанда Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры жүйесі арқылы әлемдік нарыққа 888 миллион тонна «қара алтын» жеткізілді.

Еске сала кетсек, бұл бағыт Батыс Қазақстанның мұнай кен орындары мен Каспий қайраңындағы ресейлік кен орындарын Новороссийсктегі теңіз терминалымен байланыстырады. Оның ұзындығы 1511 шақырым. Жүйе қазақстандық мұнайдың негізгі экспорттық бағыты, аталған құбыр арқылы қазақстандық мұнайдың 80%-дан астамы экспортталады.

КҚК құбыр жүйесі ТМД елдерінде шетел капиталының қатысуымен энергетика саласындағы ірі инвестициялық жобалардың бірі. КҚК теңіз терминалы жағадан алыс орналасса да, ауа райы қолайсыз болған жағдайда да танкерлерді қауіпсіз тиеуге мүмкіндік беретін үш қашықтықтан тіреу қондырғысымен жабдықталған.

КҚК акционерлері: «Транснефть» ЖАҚ (сенімгерлік басқару) атынан Мемлекеттік мүлікті басқару федералды агенттігі – 24%, «КҚК компаниясы» – 7%, «НК ҚазМұнайГаз» АҚ – 19%, Kazakhstan Pipeline Ventures LLC – 1,75%, Chevron Caspian Pipeline Consortium Company – 15%, LUKARCO B.V. – 12,5%, Mobil Caspian Pipeline Company – 7,5%, Rosneft-Shell Caspian Ventures Limited – 7,5%, BG Overseas Holdings Limited – 2%, Eni International N.A. Н.В. С.ар.л. – 2% және Oryx Caspian Pipeline LLC – 1,75%.

Айта кетейік, 28 желтоқсан күні Қазақстандық мұнай экспортының шамамен 80%-ы өтетін «Каспий құбыр консорциумы» (КҚК) мәжбүрлі түрде бірнеше күн тоқтағаннан кейін өз жұмысы қалпына келгенін жазған едік. 

«2023 жылы 22-26 желтоқсан аралығында КҚК теңіз терминалында ауа райы жағдайлары байланысты (қатты жел мен толқындардың көтерілуі) мұнай тасымалдау толығымен тоқтатылды, танкерлер күту аймақтарына өтті. Жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдау үшін теңіз терминалының резервуарлық паркі ашылды. 25-28 желтоқсан аралығында Теңіз-Новороссийск мұнай құбыры арқылы тасымалдалуы тиіс мұнайды сақтауға арналған барлық резервуарлар толып қалып, қабылдау тоқтатылды», — делінген хабарламада.

26-27 желтоқсанда ауа райы жақсарғаннан кейін теңіз терминалы жұмысын қайта бастап 218 мың тонна жүк тасымалдауға мүмкіндік берген. 28 желтоқсанда мұнайды жөнелту жұмыстары толығымен қайта іске қосылып,  қазіргі уақытта КҚК мұнай құбыры жүйесі штаттық режимде жұмыс істеп тұр.

Каспий құбыр консорциумының мұнай жөнелту мүмкіндігін 2024 жылға қарай жылына 80 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Shell концернінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында мәлімдеді

Сондай-ақ оқыңыз