Бір жылда «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден асатын есірткі тәркіленді – ҰҚК

Жарияланды (жаңартылды )
сірткінің заңсыз айналымына

Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған/ Фото: ҰҚК

Ұлттық қауіпсіздік комитеті 2023 жылы «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден асатын есірткі тәркілеген. Бұл жайлы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Комитет жалпы есірткінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жасау бойынша 150-ден астам операция өткізген. Бір жылда 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу арналары жойылған. Сонымен бірге 36 жасырын есірткі зертханасының қызметі тоқтатылған.

«Заңсыз айналымнан 3,6 тоннадан аса есірткі және психотроптық заттар, 21,5 тоннадан астам көкнәр сабанының шикізаты және 75 тоннаға жуық синтетикалық есірткіні жасау үшін пайдаланылатын химиялық реагенттер алынды. Алынған есірткінің «қара нарықтағы» бағасы 20 млрд теңгеден астам болып бағаланады, ал көлемі шамамен 17 млн бір реттік дозаны құрайды»,- делінген хабарламада.

Есірткінің заңсыз айналымына қатысы бар 101 адам сотталған. Олар осындай қылмыстарға қатысы бар деп күдіктеледі. Баспасөз қызметі одан бөлек, еліміздің және шетел азаматтарын қоса алғанда 169 азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.

«Қазақстан арқылы есірткіні әкелу және тасымалдаудың жолын кесу бойынша шетел мемлекеттерінің құзыретті органдарымен бірлескен 32 операция жүзеге асырылды. Есірткінің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша іс-шаралар жалғасуда», – деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Бұған дейін жыл басынан бері құқық қорғау және арнаулы органдардың бірлескен күш-жігерінің нәтижесінде 14,3 тонна есірткі, соның ішінде 71,5 кг героин, 652 кг синтетикалық есірткі тәркіленгені хабарланда. ІІМ күштері 52 есірткі зертханасын жойып, 85 тонна прекурсор тәркіледі. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың әрекеттері бойынша 37 қылмыстық іс тіркелді. Адам саудасына байланысты 111 қылмыс анықталды.

Ал 11 желтоқсан күні Мәжілісте өткен жиында Ішкі істер министрі Ержан Сәденов елімізде есірткі бизнесі қалай жүргізілетіні жайлы және оған қалай тосқауыл қойылып жатқаны туралы айтып берген болатын.

Министрдің айтуынша елдегі есірткі ахуалына үш негізгі фактор әсер етеді. Олар – каннабис шикізаты, солтүстік бағыт арқылы өтетін ауған героині және синтетикалық есірткінің таралуы. Соңғы 5 жылда 10 кг-нан 1 тоннаға дейін синтектикалық есірткі тәркіленген. Сондай-ақ қазіргі таңда есірткі қылмысы толығымен кибер кеңістікке көшкен. Бұл бизнестің «көрігі», әсіресе, телеграм-боттарда қызып тұр. Осы орайда министрлік арнайы ІТ мамандарын жұмысқа тартып, телеграм арнасындағы 1,3 мың интернет дүкен бұғатталғанын жеткізді.

«Біз 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топты жойдық. Ал жалпы алғанда еліміз бойынша наркобизнеске қатысты 9 ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Олардың да ұйымдастырушылары, өзіңіз айтпақшы, нарко барондар ұсталды. 4 трансұлттық қылмыстық ұйымға ТМД елдерінің азаматтары кірген. Қазіргі таңда мұндай топтардың 52 мүшесіне қатысты тергеу жүріп жатыр. Ал 4 трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысты 14 адам жауапқа тартылған. Оның 13-і шетел азаматтары», – деді Ішкі істер министрі.

Сондай-ақ оқыңыз