Фото: kursiv.media
Кеңес Рақышев иелігіндегі Fincraft Resources компаниясы Маңғыстау облысындағы Тастөбе кен орнын игеру құқығына ие «Nomad west oil» ЖШС-нің 50 пайыз үлесін сатып алды. Бұл туралы компанияның Қазақстан қор биржасына жіберген хабарламасында жазылған.
«Nomad west oil» ЖШС – Энергетика министрлігі өткізген аукцион нәтижесінде кен орындарын игеру құқығын иеленген компания.
Ашық дереккөздерге сәйкес, бұл серіктестік Энергетика министрлігі аукцион жариялағаннан 1 айдан соң, 2023 жылдың 24 мамырында құрылған. ЖШС құрылтайшысы – Аян Бердіғожин.
Fincraft Resources компаниясы 2023 жылдың шілде айында мұнай-газ өндіретін ARK Petroleum ЖШС-нің 50% үлесін иеленген еді. Нәтижесінде ARK Petroleum ЖШС-нің құрылтайшысы үшеу болды: Fincraft Resources АҚ, Proxymunai ЖШС және Асамбаев Рахман Валиханұлы.
Ал «Proxymunai» ЖШС құрылтайшылары – белгілі спортшы Серік Қонақбаевтың балалары Аманат пен Аяла Қонақбаевтар. Бұл компания да биыл шілде айында көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған аукционға қатысқан. Нәтижесінде Маңғыстау облысындағы «Шалва» кен орнында барлау жүргізу құқын жеңіп алды. Аукцион бойынша қорытынды 283 млн теңгені құраған.
2023 жылғы 1 сәуірдегі акционерлер тізімінен үзінді көшірмеге сәйкес, Fincraft Resources-тің үш акционері бар: Fincraft Group LLP (78,39%), Heathpoint holdings limited (9,76%), Volver company ЖШС (6,22%). Fincraft Group-тың жалғыз иесі – қазақстандық кәсіпкер Кеңес Рақышев. Heathpoint holdings limited 2018 жылдың 8 қарашасында Кипр юрисдикциясында тіркелді. Volver компаниясының екі қатысушысы бар – Logopark North Real Estate Limited және SG Future Growth Limited.
Кеңес Рақышев осы компаниясы арқылы BMT Holding Limited жеке компаниясы (100%), «SAT Nikel» ЖШС (100%), «Ертіс ферроникель комбинаты» ЖШС (93,4%), SAT Petrochemicals (100%), «Центрально-Азиатская инвестиционно-консалтинговая компания» ЖШС (99,9%) компанияларына иелік етеді.