«Ұлттық қор – балаларға»: e-Gov порталында балаларға қатысты дерек болмаса немесе қате толтырылса не істеу керек?

Жарияланды
e-Gov порталында балаларға қатысты дерек болмаса не істеу керек / shutterstock

 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы іске қосылды. Бұған дейін белгілі болғандай, биылдан бастап Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы балалардың жеке шотына аударылады.

Қазір Әділет министрлігінің дерекқоры негізінде 2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 18-ге толмаған балалардың тізімі түзіліп жатыр. Ақпан айының алғашқы күнінен бастап 18 жасқа толмаған балалардың барлығына белгіленген көлемде қаражат жолданады.

Бағдарламаның басталатынын білгеннен кейін ата-аналар цифрлық құжаттарды ақтара бастады. Қызық сол кезде басталды. Кейбір балалардың дерегі цифрлық құжаттан табылмады немесе қате толтырылғаны анықталды. Бұл жағдай ата-аналардың алаңдаушылығын туғызды. Осыған орай  «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ хабарлама таратты.

 «Бүгінгі таңда eGov электронды үкімет порталында дерекқорда тіркелген барлық балалар көрсетіледі. Сирек жағдайда, цифрлық құжаттарда кейбір балалар көрсетілмеуі немесе қате көрсетілуі мүмкін», – деп жазылды хабарламада.

 «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ-ның түсіндіруінше, цифрлық құжаттарда кейбір балалардың көрсетілмеуі немесе қате көрсетілуі балалардың төлем алуына кедергі келтірмейді. Себебі олқылықтың орнын толтырудың тиімдігі тетігі бар.

 Қандайда бір себеппен балаға қатысты дерек eGov-тан табылмаса, платформадағы мына шартарды орындау қажет:

 1) eGov Mobile мобильді қосымшасын жаңарту;

2) Цифрлық құжаттардағы «Отбасы» бөліміне өтіп, «Баланы қосу» батырмасын басу;

3) Осыдан кейін «Балалар туралы ақпаратты жаңарту» қызметі ашылады, ондағы барлық жолды толтырып, туу туралы куәлікті тіркеп, өтініш беріңіз.

 «АХАЖ органы өтінішті 2-5 жұмыс күні ішінде қарастырады. Түзету енгізіліп, өңдеу аяқталғаннан кейін ата-анаға хабарлама келеді және балаға қатысты мәлімет цифрлық құжат айналымына енеді. Осылайша eGov.kz және eGov mobile цифрлық құжаттарында ата-ана мен бала арасындағы туыстық қарым-қатынас қалпына келеді», – деп нақтылады «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ бейненұсқауда.

 2023 жылғы 16 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойды. Бұл туралы Кursiv.media «шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ», – деп жазды.

 Бұған дейін Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков «Ұлттық қор – балаларға» жобасын жүзеге асыру тетігін түсіндірді.

 «Жобаға барлық балалар қатысады. Ешқайда хабарласудың, құжат жинаудың қажеті жоқ. Барлық процесс автоматтандырылған. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Әділет министрлігімен бірлесіп, интеграциялық жұмыс жүргізеді. Бала 18 жасқа толғанға дейін қаражат Ұлттық қорда сақталады. 18 жасқа толғаннан кейін жинақталған қаражат есепшоттарға аударылады. Кейін бұл қаражатты алдын ала белгіленген мақсатта пайдалануға болады», – деді Қаржы вице-министрі.

Сондай-ақ оқыңыз