Жапониядағы зілзала салдарынан қаза тапқандар саны өсіп барады

Жарияланды (жаңартылды )
Фото: Kim Kyung-Hoon / Reuters

Жапониядағы зілзала салдарынан қаза тапқан адам саны өсіп барады. Соңғы деректерге сәйкес 91 адам опат болған. Құрбан болғандардың арасында 55 адам Вадзима қаласының тұрғындары деп жазады 47new сайты.

Қазақстан СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Жапониядағы еліміздің азаматтарына қауіп төніп тұрған жоқ деп мәлімдеген еді.

Айта кетейік, 2024 жылдың алғашқы 2 күнінде Жапонияда 521 жер сілкінісі тіркелді. Ното түбегінің жағалауында болған жер сілкінісінің ең жоғары магнитудасы 7,6 баллды құрады. Салыстыру үшін айтайық, соңғы 3 жылда, яғни 2020-2023 жылдар аралығында Жапонияда барлығын қосқанда 506 жер сілкінісі болған.

Зілзала салдарынан Жапонияда цунами қаупі жарияланды. Кейін қауіп сейілді.

Осы жолы жерасты дүмпуінің ошағына жақын орналасқан Исикава қаласы зардап шекті. Мұнда 200-ден астам үй қирап, 200-ден астам ғимарат жанып кетті. Құтқару-іздестіру жұмысының жүргізілуіне байланысты әзірше шығын көлемі есептелген жоқ.

Жапония премьер-министрі Фумио Кисиданың мәлімдеуінше, апат аймағында болған адамдарды іздеп табу және құтқару ісіне Жапонияның қарулы күштері жұмылдырылды.

Nikkei газеті Жапония жер сілкінісінен зардап шеккендерге АҚШ әскерімен бірлесіп көмек көрсетуді жоспарлап отырғанын жариялады. Бұған дейін Қытай да Жапонияға жәрдемдесуге әзір екенін мәлімдеді. Алайда Жапония Үкіметі әзірше АҚШ-тың қолдауымен шектелуді жөн санады.

Соңғы дерек бойынша эвакуациялау пункттерінде 32,5 мыңнан астам адам бар. Оларға көмек қажет.

Жапонияда консулдық есепте 318 Қазақстан азаматы бар. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, зардап шеккен қазақстандықтар туралы ақпарат түспеген. Барлығымен байланыс орнатылған.

Сондай-ақ оқыңыз