Бір жыл ішінде халық саны 248 мыңға артқан: өсім бойынша Астана мен Алматы көш бастап тұр

Жарияланды
халық саны

Халық саны бойынша Астана қаласындағы өсім көрсеткіші 5,11%-ды құрады / Фото: kursiv.media

Бір жыл ішінде Қазақстан халқының саны 247 768 адамға артқан. Бұл жайлы Ұлттық статистика бюросы хабарлады.

«2023 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша халық саны 20 014 575 адамды құрады, оның ішінде қала тұрғындары – 12 431 220 адам, ауыл тұрғындары – 7 583 355 адам. 2023 жылдың басынан бері халықтың саны 247 768 адамға артты»,- делінген бюро хабарламасында.

247 768 ішінде 239 422 адам табиғи өсім есебінен артқан болса, көші-қон есебінен халық саны 8 346 адамға өскен.

Халық санының өсу қарқыны бойынша Астана мен Алматы көш бастап тұр. Астана халқының саны 5,11%-ға, ал Алматы қаласындағы адам саны бір жылда 2,82%-ға артқан. Сонымен бірге ірі қалалардан кейінгі орынды Маңғыстау облысы иеленді. Бұл өңірде халық өсімі – 2,40%-ды құраған.

Еске сала кетсек, 2023 жылдың 16 қарашасында Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Осы айтулы оқиғаға байланысты Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің X (бұрынғы twitter) парақшасында қазақстандықтарды қуанышты жаңалықпен құттықтады.

«Халқымыздың саны 20 миллионға жетті! Баршаңызды ақжолтай жаңалықпен құттықтаймын! Бақытты отбасы – бақуатты елдің негізі. Мемлекет отбасы құндылықтарын нығайтуға, ана мен баланы қорғауға баса мән береді», – деп жазды президент.

ҰСБ мәліметінше, 2023 жылғы 14 қарашада таңғы сағат 8.10-да туған 5 бала еліміздің 20 миллионыншы тұрғыны атанды. Қазақстанның мерейлі азаматтары Ұлытау, Жетісу, Атырау, Ақмола және Түркістан облыстарында дүниеге келді. Олардың ішінде 3 ұл және 2 қыз бар.

ҰСБ баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұрын халық саны туралы мәліметтер қолмен өңделетін. Сол себепті бұл үрдіс көп уақытты қажет ететін. Ал қазір Мемлекеттік ақпараттық жүйелерде интеграцияланған. Бұл өз кезегінде 20 миллионыншы азаматтың туғанын жоғары дәлдікпен әрі жылдам анықтауға мүмкіндік берді.

Қазақстан халқының саны 19 миллионға 2021  жылы жеткен. Бұл хабарды да статистика комитетінен бұрын президент Тоқаев жеткізіп, twitter парақшасына жазды. Жәния есімді бүлдіршін 2021 жылы 3 тамызда Алматы облысы Талдықорған қаласында дүниеге келді. Ол отбасындағы төртінші бала. Оның аты-жөні мен отбасы туралы ақпаратты да президент жазған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз