Мемлекеттік кірістер комитеті жариялануға жататын цифрлық активтер тізімін бекітті

Жарияланды
Цифрлық активтер

Цифрлық активтердің құнын және олардың түрлерінің тізбесін айқындау, жариялау тәртібі туралы қағидалары бекітіледі. Бұл жайлы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің «Ашық НҚА» порталында орналастырылған бұйрығында жазылған.

Аталмыш құжат көмегімен цифрлық активтердің құны және олардың түрлерінің тізбесі айқындалып, жариялау тәртібі реттелмек.

Құжатқа цифрлық майнингтік пул деген ұғым енген. Цифрлық майнингтік пул – заңды тұлға. Ол Қазақстанның цифрлық активтер туралы заңнамасына сәйкес аккредиттелген, цифрлық майнерлердің цифрлық майнингке арналған аппараттық-бағдарламалық кешенінің қуаттарын біріктіру қызметін ұсынады. Сондай-ақ цифрлық майнерлердің бірлескен қызметінің нәтижесінде алынған цифрлық активтерді олардың арасында бөлуді жүзеге асырады.

Активтер құны қандай тәртіппен айқындалады?

Енгізілетін қағида бойынша Цифрлық активтердің құнын айқындау мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

  • Цифрлық активтердің құны цифрлық майнинг пулының, осындай цифрлық активтерден алынған цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғаның кірісін айқындау мақсатында кіріс алынған күнге осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген тәртіппен айқындалады.
  • Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті , қызмет көрсету туралы жасалған шарт негізінде цифрлық активтердің құны және цифрлық активтерге қатысты өзге мәліметтерді жариялауды қамтамасыз етеді.
  • Цифрлық активтердің биржасының кірісін айқындау мақсатында алынған цифрлық активтердің құны кіріс алынған сәттегі цифрлық активтердің қолданылатын құны бойынша айқындалады.
  • Белгілі бір шетел валютасына тіркелген құны бар цифрлық активтер айналым жасалған күннің алдындағы соңғы жұмыс күні айқындалған тиісті шетел валютасын айырбастаудың нарықтық бағамын қолдана отырып, Қазақстан Республикасының Ұлттық валютасына қайта есептеледі.
Цифрлық активтер тізімі

Шарт жасаған тұлға цифрлық активтердің құны туралы мәліметтерді интернет-ресурста жариялайды. Жарияланатын цифрлық активтер тізімін комитет осы құжатта бекіткен.

«Bitcoin (BTC), BitcoinCash (BCH), Dash (DASH), Dogecoin (Doge), EthereumClassic (ETC), Horrizen (ZEN), Litecoin (LTC), Monero (XMR), Siacoin (SC), Thronix (TRX), Zcash (ZEC) цифрлық активтердің құны жариялануға жатады»,- делінген құжатта.

Құны жариялануға жататын цифрлық активтердің тізбесі кеңеюі мүмкін. Ол тізім цифрлық майнинг пулының өтініші  негізінде толықтырылып отырады.

Комитет цифрлық активтердің құнын жариялауды майнинг пулының өтініші негізінде 1 жыл ішінде жүзеге асырады.

Бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Ал «Ашық НҚА» порталында 19 қаңтарға дейін талқыланады.

Еске сала кетсек, елімізде бір жыл бұрын «Цифрлық активтер» туралы заң қабылданған.

Сондай-ақ оқыңыз