Біріккен Ұлттар Ұйымы 2024 жылғы экономикаға қатысты болжамын жариялады

Жарияланды (жаңартылды )
Фото:shutterstocks

Біріккен Ұлттар Ұйымы 2024 жылға арналған «Жаһандық экономикалық жағдай мен мүмкіндіктер» баяндамасын жариялады. 2023 жылғы жаһандық экономикалық өсім күткеннен де жақсы болып шыққанымен, дағдарыс әлі де жалғасып жатыр. БҰҰ бұл үздіксіз даму мақсаттарына жетуге кедергі болуы мүмкін. екендігін айтады. Оған қоса халықаралық ұйым шиеленісе түскен геосаяси жағдай, табиғи апаттар мен экстремал ауа райының жиілеуі де экономикалық жағдайға әсер етпей қоймайтынына тоқталды.

Әлемдік ЖІӨ артуы

Баяндамада 2023 жылы әлемдік ЖІӨ көрсеткіші 2,7% болса, биыл 2,4% болып, өсім тежелетіні туралы жазылған. «Дамып жатқан елдер пандемия салдарынан арылуға бар күшін салып жатыр, көбі қарызға белшесінен батқан, инвестиция жетіспейді» делінген құжатта.

Аймақтағы айырмашылықтар

Әлемдегі алпауыт экономика иесі АҚШ-тың ЖІӨ өсімі биыл 2,5%-дан 1,4%-ға дейін төмендейді. Ел экономикасының маңызды драйвері – тұтынушылық шығын жоғары пайыздық мөлшерлеме мен еңбек нарығының әлсіреуіне байланысты азаюы мүмкін.

Қытайда ішкі және халықаралық келеңсіздіктер салдарынан экономикалық өсім тежеледі деген болжам бар. ЖІӨ өсім көрсеткіші былтыр 5,3%-ды құраса, биыл 4,7% пайызға құлауы мүмкін. Еуропа мен Жапония да экономикалық келеңсіздіктермен бетпе-бет келуі мүмкін, дегенмен биыл екі аймақ 1,2% өсімге жете алады.

Дамушы елдердегі картина мүлде бөлек. Африкадағы көрсеткіш 2023 жылы 3,3% болса, биыл 3,5%-ға жеткізуге мүдделі. Баяндамада неғұрлым аз дамыған мемлекеттерде 2024-те 5%-ға дейін ілгерілеу байқалатыны, алайда Үздіксіз даму мақсаттарында белгіленген 7%-ға жетпейтіні жазылған. Қарыздың көптігі мен шектелген қаржы аталған елдер үшін әлі де өзекті мәселе қатарынан түспей тұр.

Аймақ бойынша статистика

Еуропа: Болжам бойынша, Еуропа одағындағы ЖІӨ көрсеткіші биыл тұтынушылық шығынның артуы, жоғары инфляция мен пайыздық мөлшерлеме тәуекелі салдарынан 1,2%-ға өсуі мүмкін.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы: Аймақтағы өсім бұған дейін де болжамнан асып түсті. Ресей Федерациясындағы даму темпі өте жоғары, Украина 2022 жылғы құлдыраудан кейін оңалып жатыр, Кавказ бен Орталық Азия да жақсы көрсеткішке жетуге қабілетті. 2023 жылы ТМД мен Грузиядағы экономикалық өсім 3,3%-ды құраса, биыл 2,3%-ға артады деген болжам бар.

Қытай экономикасы бірқалыпты дамып жатыр. Былтыр 5,3%-ға өссе де, биыл небәрі 4,7% көрсеткішпен шектелмек.

Оңтүстік Азияда 2023 жылы экономика 5,3%-ға ілгерілесе, биыл, болжам бойынша, 5,2%-ға артуы мүмкін. Бұл көрсеткішке әлемдегі ірі әрі жедел дамып жатқан экономика саналатын Үндістандағы жағдайдың жақсаруы тікелей әсер етеді.

Үндістандағы ЖІӨ 6,2%-ға өседі деп жоспарланып отыр. Бұл елдегі сұраныстың артып, қызмет пен өндірістің өсуі нәтижесінде мүмкін болмақ.

Африка, жоғарыда атап өткендей, биыл жақсы нәтиже көрсетуі мүмкін. Бірақ та сарапшылардың пікірінше, климаттық апаттар мен геосаяси тұрақсыздың елдегі экономикалық жағдайға әсер етпей қоймайды.

Шығыс Азия: Аймақтағы экономикалық өсім төмендейді. 2023 жылы 4,9 болса, биыл 4,6% көрсетуі мүмкін.

Латын Америкасы мен Кариб бассейні: ЖІӨ өсімі 1,6%-ға дейін азаюы ықтимал. Оған елдегі қаржы шарттарының қатаңдатылып, экспорттың азаюы әсер етеді.

Еңбек нарығы

Пандемиядан кейін дамыған елдер мен дамушы елдер арасында тенденциялардың айтарлықтай алшақтап кеткенін байқауға болады. Дамыған елдерде экономика қайта түлеп, жұмыссыздық деңгейі азайды. Әсіресе, 2023 жылы АҚШ-та 3,7%, ал Еуропада 6%-ға артты. Оның үстіне жалақы артып, елдерде еңбекақы теңсіздігі төмендеді. Дегенмен таза табыстың жоғалуы мен жұмыс күшінің жетіспеуі күн тәртібінен түспей тұр.

Ал дамушы елдерде керісінше прогресс бірқалыпты емес. Қытай, Бразилия, Түркия мен Ресей елдегі жұмыссыздық деңгейі төмендегенін хабарлағанымен, жастар арасындағы жұмыссыздық пен гендер айырмашылығы мәселесіне шешім табылмай тұр. Мәселен, 2013 жылы әйелдердің еңбекке араласу деңгейі 48,1%-ды құраса, 2023 жылы бұл көрсеткіш 47,2% болып тұр. Ал NEET (жұмыспен қамтылмаған, оқымаған) жастардың саны жыл өткен сайын азаймаған. Бұл статистика гендерлік теңсіздік пен жастар арасындағы мәселе өзектілігін жоғалтпағанын тағы бір мәрте дәлелдеп отыр.

2022 жылы қарашада ChatGPT пайда болғаннан бері жасанды интеллект саласы айтарлықтай ілгеріледі. Әлемдегі компаниялардың үштен біріне ChatGPT енгізілгеннен кейін, 6 ай ішінде мекемелер күнделікті жұмыстың ең болмағанда біреуін жасанды интеллектіге жүктеуге бел буды. Ал 40%-ы жасанды интеллект саласына инвестиция құю туралы шешім қабылдады. Жасанды интеллект компанияларға осыншалық тез енгізу жалақы теңсіздігіне қатысты мәселені ушықтырып жібереді деген қауіп жоқ емес. Ол біліктілігі төмен қызметкерлерге деген сұранысты төмендетіп, салдарынан жалақысы төмен елдердегі әйелдерге кері әсер етуі мүмкін. АҚШ-та кеңсе, хатшылықта көп әйел қызмет етеді, ал осы салада ЖИ қолдану әйелдердің жұмысынан айырылуына әкеп соғуы ықтимал. Оған қоса ЖИ-мен байланысты мамандықтарда да гендерлік теңсіздік өте үлкен.

Инфляция

Кейінгі екі жылдың негізгі проблемасына айналған жаһандық инфляция төмендегендей. 2022 жылы 8,1%-ға жеткен инфляция деңгейі, былтыр 5,7%-бен тоқтады. Ал биыл тіпті 3,9%-ға дейін төмендейді деген болжам бар. Дегенмен азық-түлік бағасының қымбаттауы әлі де түйткілді мәселе. Әсіресе, дамушы елдердегі азық-түлік қауіпсіздігінің болмауы, кедейшілік шешілмей тұр. 2023 жылы шамамен 238 млн адам тамақ жетіспеушілігінен жапа шеккен. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 21,6 млн-ға көп.

Инвестиция

Баяндамада жаһандық инвестиция тенденциясы проблемалары да атап өтілген. Сарапшылар инвестиция өсімі дамушы елдерде де, дамыған елдерде де төмендегеніне ерекше назар аударады. Алайда дамыған елдер инвестицияны жасыл энергетика, цифрлы инфрақұрылым сияқты тұрақты әрі технологияға негізделген салаларға бағыттаса, дамушы мемлекеттер тікелей шетелдік инвестицияның азаюы сияқты проблемаларға тап болған. Геосаяси жағдайдың нашарлауы да аймақтық деңгейдегі инвестиция ағынына әсерін тоқтатпады.

Баяндамада экономикалық тұрақсыздық, қарыздың көптігі мен пайыздық мөлшерлеменің өсуінен жаһандық инвестиция өсімі төмен болып қала береді делінген. Энергетика секторына, әсіресе, таза энергетикаға бағытталған инвестиция өсуін тоқтатпайды, бірақ та 2050 жылға қойылған шығындарды азайту мақсатын орындауға жетіспейді.

Сауда

Халықаралық сауда негізгі өсуші күш ретіндегі рөлін жоғалтып жатыр. Халықаралық сауда өсімінің темпі 2023 жылы 0,6%-ға дейін бәсеңдесе, 2024 жылы 2,4%-ға дейін өсіп, қалпына келмек. Баяндамада тұтынушылық шығын тауардан қызметке ауысатынын, ал шиеленісе түскен геосаяси жағдай мен жеткізудегі кедергілер, пандемия салдары жаһандық сауданың дамуына кедергі ретінде көрсетілген.

Оған қоса кей елдердің қорғаныс саясатына өтуі сауда динамикасына әсер етіп, бұл сауда келісімдері мен жеткізу тізбегін асыра бағалауға алып келді. Өзгерістердің салдары дамушы елдерде қатты білінуі мүмкін, өйткені олардың экономикасы экспортқа тәуелді. Сондықтан оның алдын алу үшін сауда серіктестерін әртараптандыруға, шектеулі нарықтарға тәуелділікке байланысты туындайтын тәуекелді азайту үшін аймақтық сауда келісімдерін нығайтуға көңіл бөлініп жатыр.

Халықаралық қаржы мен қарыз

Дамушы елдердің сыртқы қарыз деңгейі жоғары, оған қоса пайыздық мөлшерлеме де өсіп жатыр. Бұл халықаралық капитал нарығына қолжетімділікті шектейді. Жалақы төмен елдерге тікелей шетелдік инвестиция мен дамуға ресми қолдау да азайғаны байқалады.

Қарыздың әлі де азаймауы өзекті мәселе болып отыр, әсіресе, дамушы елдерді қатты алаңдатады. Федералды резерв жүйесі, Еуропа орталық банкі сияқты орталық банктер тарапынан ақша-несие саясатының қатаңдатылуы әлем бойынша пайыздық мөлшерлеменің өсуіне әсер етіп, салдарынан қарызды өтеуге жұмсалатын шығынның артуына алып келді. Бұл шетелдік валютамен қарыз алған елдер үшін тіпті қиын болып отыр. Нәтижесінде көптеген ел қарыз талаптарын қайта қарау, борыш ауыртпалығын жеңілдетуді сұрауға мәжбүр.

Сондай-ақ оқыңыз