Астананың үлескерлеріне 5 млрд теңге залал келтірген күдікті Мәскеуде ұсталды

Жарияланды
5 млрд теңге залал келтірген құрылыс салушы Мәскеуде ұсталды / shutterstock

Жосықсыз құрылыс салушы ретінде күдікке ілінген 7 адамға қатысты қылмыстық тергеу басталды.

Астана қаласы прокуратурасының мәліметіне сүйенсек, 10 көп пәтерлі тұрғын үй кешендерін жосықсыз салу бойынша құрылыс компанияларына қатысты 7 қылмыстық іс қозғалды.

7 адамға қатысты қозғалған іске қатысты қазірдің өзінде құрылыс компанияларының 3 басшысы қамауға алынған. 5 млрд теңге залал келтірді деген күдікке ілінген бір азамат Ресей аумағында ұсталған.

«Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарының көмегімен іс бойынша негізгі фигуранттардың бірі Мәскеу қаласының аумағында ұсталды. Ол 5 млрд теңгеден асатын залал келтіргені үшін күдіктелуде», – делінген прокуратура ақпаратында.

Прокуратура мәліметінше Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы азаматтық, отбасылық және қылмыстық істер бойынша құқықтық көмек және құқықтық қатынастар туралы Конвенция негізінде күдіктіні ұстап беру туралы өтінішті қанағаттандырған.

Жыл басындағы мәліметтер бойынша қала аумағында рұқсат құжаттары жоқ 90 нысанның құрылысы жүргізілген. 90 нысанның 44-і құрылыс салуға қажетті барлық рұқсат құжатын алған. Олардың қатарында Nagoya ЖШС, Tuman Group компаниялар тобы, GALAMAT компаниялар тобы, G-Park құрылыс компаниясы, Granite ЖШС бар. Қалған 46 құрылыс нысаны бойынша ескертулер жойылып, барлық рұқсат құжаттарын алу рәсімі жүзеге асырылады.

Соңғы екі жыл көлемінде үлескерлікке қатысты 20 қылмыстық іс қозғалып, 16 тұлға сотқа тартылған.Құрылыс салушылардың азаматтарға келтірген шығыны 30 млрд теңгеден асқан. Азаматтардан қаржыны заңсыз жинағаны үшін 300-ден астам компания әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 250 млн теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

Қазақстан Құрылысшылар одағының ақпараты бойынша, елімізде 585-ке жуық тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Қауымдастықтың бағалауы бойынша, соның 486-сы мемлекеттік сақтандырусыз салынып жатыр.

Сондай-ақ оқыңыз