Қазақстанға рөлі оң жақта орналасқан автокөлік әкелуге 6 айға тыйым салынды

Жарияланды

Фото: kursiv.media

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) туралы шарттың жекелеген тармақтарына сәйкес, Қазақстанға рөлі оң жақта орналасқан, бөлшектелген автокөлік әкелуге тыйым салынды. Бұйрық 16 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Шектеу мерзімі – 6 ай, яғни жарты жыл. Жалпыға ортақ талаптың орындалуын Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі бақылайды.

Бұған дейін осыған қатысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің бұйрық-жобасы «Ашық НҚА» порталында талқыланды.

«Қазақстан Республикасының аумағына оң жақ рульді бөлшектелген жеңіл автокөліктерді алты ай мерзімге әкелуге тыйым салынсын», – деп жазылды ашық нормативтік құқықтық актілердің интернет-порталында жарияланған құжатта.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәлімдеуінше, бұйрық «Сауда қызметін реттеу туралы» ҚР заңының 17-18 – баптарына, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 29-47 – баптарына сәйкес қабылданды.

Қазақстанда 2007 жылдан бастап рөлі оң жақта орналасқан авкөліктерді тіркеуге тыйым салынды. Алайда мұндай автокөлікті тізгіндеуге шектеу қойылған жоқ.

2022 жылғы желтоқсанда осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін шекарадан өткен рөлі оң жақта орналасқан автакөліктерді Қазақстанда есепке қоюға рұқсат берілді. Кейін есепке қою мерзімі 2023 жылғы 1 шілдеге дейін ұзартылды.

Бұған дейін Қазақстанға әкелінетін көлік құнының 30%-ы салық пен алымнан тұратынын жазған едік. Мақалада Қазақстан аумағына қандай автокөлік кіре алмайтыны нақтыланған болатын.

Сондай-ақ оқыңыз