Атышулы Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты іс бойынша Қазақстанда іздеу жарияланған Алматы қаласының тумасы Әділет Ораз Бішкекте ұсталды. Бұл туралы Қырғызстан Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
«Бішкекте бет-әлпетті тану функциясы бар сыртқы бейнебақылау камераларының көмегімен ТМД елдерінің бірінде іздеуде жүрген азамат анықталды. Бейнебақылау жүйесі оның қаржы пирамидасын құрғаны және басқарғаны үшін іздеуде жүрген адам екенін анықтады», – делінген ресми хабарламада.
Алматы қаласы Медеу аудандық полиция басқармасы ҚР Қылмыстық кодексінің 217- бабы «Қаржы пирамидасын құру және басқару» бойынша іздеу жарияланған ер адам Бішкек қаласының бейнебақылау камераларына желтоқсан айының соңында түскен. Қырғызстан полициясы күдіктіні іздеп тауып, қамауға алған.
Естеріңізге салайық, 2022 жылғы 20 сәуірде вайнер Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов Mudarabah Capital қаржылық пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша қамауға алынды. Тергеу барысында вайнерлердің қаржы пирамидасын жарнамалап қана қоймай, ортақ пайдадан үлес алып отырғаны дәлелденді. Мемлекеттік айыптаушы Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязовтың бас бостандығын 5 жыл шектеуді сұрады.
2023 жылғы маусымда Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысы бар 12 адам сотталды. Мейіржан Төребаев пен Мейірхан Шерниязов кінәлі деп танылып, әрқайсы 5 жыл бас бостандығынан айырылды.
Сот үкімімен компанияның бас директоры Руслан Бурканов – 12 жылға, «Astex.kz» ЖШС басшысы Алмас Құранғалиев – 14 жылға, қаржы пирамидасын құрушылардың бірі Дания – 10 жылға, Mudarabah Capital ЖШС құрылтайшысы Андрей Ча – 8 жылға, Mudarabah Capital ЖШС бұрынғы қаржы директоры Тимур Рүстемов – 12 жылға, Mudarabah Capital ЖШС құрылтайшысы Самат Қасенов – 8 жылға, қаржы пирамидасының заңгері Нұрлан Сұлтанбаев – 8 жылға, Mudarabah Capital ЖШС құрылтайшысы Біржан Жармұхамед – 6 жылға, қаржы пирамидасын құрушылардың бірі Ерлан Мансуров 9 жылға сотталды.
Айта кетейік, қазір Mudarabah Capital қаржы пирамидасына қатысты бар делінген вайнер Әзімжан Саидбаев іздеуде жүр.