Соңғы 6 айда тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша қамауға алынғандар саны көбейді – ІІМ

Жарияланды
Зорлық-зомбылық
Тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша тіркелген хабарламалар саны 14%-ға төмендеген / Фото: shutterstock

2023 жылдың алты айында полицейлер тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері бойынша 50 мың арыз қарап, оның 64%-ы бойынша әкімшілік іс қозғаған. Бұл туралы ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зұлхайыров айтты.

Комитет өкілінің айтуынша, жаңа заңнама аясында 2023 жылдың екінші жартыжылдығында әкімшілік қамауға алынғандар саны екі есе артқан. Арызданушылардың 27 мыңнан астамы қайта татуласқан.

«Бұл ретте министрлік зорлық-зомбылыққа ұшыраған отбасылармен профилактикалық жұмысты күшейтті. Зардап шеккендердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 87 мың қорғау нұсқамасы шығарылып, құқық бұзушының тәртібіне 15 мың арнайы талап қойылған. Бұл тұлғалар полицияның күшейтілген бақылауында», – деді Зулхайыров.

Сонымен бірге комитет өкілі 12 мың бұзушылықтың жолы кесілгенін айтты. Соған қарамастан, елімізде отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеу біршама азайған. Мәселен, осы аралықта тұрмыстық қылмыстарды қоса алғанда, тіркелген хабарламалар саны 14%-ға төмендеген.

Еске сала кетсек, қазақстандықтар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа ашық хат жазып, петиция жариялады. Онда әйелдер мен балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны қатайтуды сұраған болатын. Көпшілік Қылмыстық кодекстегі «Ұрып-соғу» және «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» баптарына өзгеріс енгізуді талап еткен. Сондай-ақ азаматтар отбасылық-тұрмыстық салада басқа да құқық бұзушылықтар үшін әкімшілік жауапкершілікті күшейтуді сұрады. Бұл петиция 150 мыңнан астам қол жинаған. Бірақ Әділет министрлігінің хабарлауынша ресми сайтта жарияланағандықтан, бұл петицияны жарамсыз деп таныған.

Бірақ президент жақында шыққан сұхбатында 150 мың адам қол қойған зорлық-зомбылыққа қарсы петиция заңды-заңсыз болғанына қарамастан ескерілетінін айтты.

«Нақты жауап бере­йін, тұрмыстық зорлық-зомбы­лыққа қатысты жазаны қатайтуды толық қолдаймын», – деді президент.

Күзде «Курсив» соңғы үш айда тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 27 мың адам жауапқа тартылғаны туралы жазған болатын. Ондай қылмыстардың 80%-ы мас күйінде жасалатынын Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтқан болатын.

«Заңнама нәтиже беріп, соңғы үш айда жазаға тартылған тұрмыстық жанжалқойлардың саны 6,4 мыңнан 27 мыңға дейін 4 есе өсті. Егер ағымдағы жылдың екінші тоқсанында осындай 7 мың адам жауапкершілікке тартылса, үшінші тоқсанда олардың саны 27 мың адамды құрады. Тиісінше, қамауға алынғандар саны 2 есе өсті», – деді Лепеха.

Ал ІМ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату үшін арнайы заңнамалық өзгерістер әзірледі. Заңанамдағы өзгерістерге сәйкес тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік күшеюі керек болған. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық педагогтер съезінде кәмелетке толмағандарға зорлық-зомбылық жасаған адамдардың жазасын қатаңдатуды тапсырған болатын.

 

Сондай-ақ оқыңыз