2024 жылы Астанада құрылысы ұзаққа созылған 10 тұрғын үй кешені пайдалануға беріледі

Жарияланды

12 жылға созылған сақалды құрылыстар биыл аяқталады/gov.kz

Елордада құрылысы 12 жылға созылған сақалды құрылыстар биыл аяқталады. Бұл туралы қала әкімі Instagram парақшасында жазды.

«Араби 2 – Гранитный 2», «Арыстан, 4-блок», «Future home» секілді ұзаққа созылған нысандардың құрылыс барысымен таныстым. Бұл тұрғын үй кешендерінің құрылысының басталғанына 12 жылға жуық болды. Мысалы, «Араби 2 – Гранитный 2» тұрғын үй кешені 2013 жылы проблемалы деп танылған», – деп жазды әкім.

Мұнда 200-ге жуық отбасы баспанасын күтіп жүр.

«Future home» тұрғын үй кешенінің құрылысы да 2013 жылы басталған. Нысанды ЕҚК-ге беру кезінде 4 және 7 қабаттар ғана салынған.

Құрылысы ұзаққа созылған нысандар бойынша ауқымды жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Осыған дейін мемлекеттің қолдауының арқасында 16 мыңнан астам үлескер отбасының 15,5 мыңға жуығы баспаналы болды. Ұзаққа созылған 140-тан астам тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды.

2023 жылы құрылысы ұзаққа созылған 32 тұрғын үй кешені болған.
Былтыр ұзаққа созылған 22 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Биыл 10 үй қалды, олардың құрылысы осы жылдың 1-2 тоқсанында аяқталады. Осылайша, қалған 500-ге жуық үлескер отбасы баспаналы болады.

Кешегі күні Астанада жосықсыз құрылыс салушы ретінде күдікке ілінген 7 адамға қатысты қылмыстық тергеу басталды.

Астана қаласы прокуратурасы 10 көп пәтерлі тұрғын үй кешендерін жосықсыз салу бойынша құрылыс компанияларына қатысты 7 қылмыстық іс қозғады. Қазірдің өзінде құрылыс компанияларының 3 басшысы қамауға алынған. 5 млрд теңге залал келтірді деген күдікке ілінген бір азамат Ресей аумағында ұсталған

Сондай-ақ оқыңыз