«Самұрық-Қазына» QAZAQ AIR компаниясын қайтадан сатылымға шығарды

Жарияланды
Шығарушы редактор
QAZAQ AIR

Фото: «Самұрық-Қазына» АҚ

«Самұрық-Қазына» QAZAQ AIR компаниясының 49%-дан 100%-ға дейінгі акциясын қайтадан сатылымға шығарды. Конкурс екі кезеңнен тұрады.

Былтыр QAZAQ AIR АҚ-ны бәсекелес ортаға беру бойынша екі кезеңдік конкурс өткізілмеді деп танылған. Конкурсты өткізу тәртібі мен керек құжаттар тізімі «Самұрық-Қазына» сайтында орналастырылған.

Конкурстың бірінші кезеңінде өтінімдерді қабылдау 2024 жылғы 29 қаңтарға дейін жалғасады. Ал екінші кезенңінің қорытындысы 2024 жылдың 16 ақпанында шығарылады.

«Самұрық-Қазына» былтыр 38 млрд теңге қарызы бар әуе компаниясын сата алмады. 14 қарашада екі кезеңнен тұратын конкурс нәтижесі жарамсыз деп танылды. Себебі бірқатар инвестор қызығушылық танытқанымен, конкурс шартына сәйкес келетін өтінім түспеген.

Qazaq Air компаниясын сатып алғысы келетін инвестор 2033 жылға дейін 38 млрд теңге қарызын өтеуі тиіс. «Самұрық-Қазынаның» дамыту және жекешелендіру жөніндегі басқарушы директоры Салтанат Сәтжанның айтуынша, бұл – компанияның бес ұшақ үшін алған қарызы.

Ол 2033 жылға дейінгі кесте бойынша толық төленуі керек (бір транш – 2030 жылға дейін, екіншісі – 2033 жылға дейін). Бірінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2029 жылға дейін жыл сайын 425 млн теңгеден, 2030 жылы – бірден 13,234 млрд теңгеден өтеді. Екінші транш бойынша өтеу 2024 жылдан 2032 жылға дейін 425 млн теңгеден, 2033 жылы – 18,282 млрд теңгеден жүріп жатыр.

«Самұрық-Қазына» қоры Qazaq Air әуе компаниясын 2015 жылы Қазақстан өңірлерін, сондай-ақ көршілес мемлекеттермен шекаралас аймақтар арасындағы әуе қатынасын дамыту мақсатында құрды. Әуе компаниясының паркі 5 De Havilland Dash-8-Q400NG (бұрынғы Bombardier Q400) ұшағынан тұрады және Астана әуежайында орналасқан.

Қазіргі кезде әуе компаниясы 22 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайды. Оның 16-сы ішкі рейстер болса, 6-уы – халықаралық рейс. 2022 жылы 561 000 жолаушы тасымалдаған. 2022 жылғы кірісі 20,4 млрд теңгені құрайды

Сондай-ақ оқыңыз