«Ұлттық қор қаржысы бекер жұмсалған жоқ, ҚМГ акцияларына инвестицияланды» –Қаржы министрлігі

Жарияланды
Минфин инвестировал в акции КМГ
Қаражат жұмсалған жоқ, ҚМГ акцияларына инвестицияланды – Қаржы министрлігі / shutterstock

Қаржы министрлігі бірқатар БАҚ-та Ұлттық қордан 1,3 трлн теңге «ҚазМұнайГаз» АҚ (ҚМГ) акцияларын сатып алуға жұмсалғаны жазылғанын айтып, осы мәселеге түсініктеме берді.

Министрлік ақпаратына сүйенсек, бұл қате тұжырым. Себебі Ұлттық қордың 1,3 трлн теңге мөлшеріндегі қаражат бекер шашылмай, ҚМГ акцияларына инвестицияланды. 

«Мұны Ұлттық қордан қаражат алу деп қарастыруға болмайды. Ұлттық қор қаражатын ҚМГ акцияларына, басқа да қаржы құралдарына орналастыру 2030 жылға дейінгі ҚР Мемлекет қаржысын басқару тұжырымдамасына және Ұлттық қор активтерін орналастыруға рұқсат етілген қаржы құралдарының тізбесіне сәйкес жүргізіледі», – делінген министрлік хабарламасында.

Ведомство осы шешімнің арқасында қор портфелінде елдегі ірі мұнай-газ компаниясының акциясы пайда болғанын жазған. Бұл эмитенттерiнiң құнының өсуi тұрғысынан да, дивидендтiк төлемдердiң едәуiр көлемi тұрғысынан да тұрақты кiрiстiлiктi көрсететiн неғұрлым өтiмдi бағалы қағаздарының бiрiне айналғанын айтады.

Бұдан бөлек, министрлік 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың түсімдері 6,4 трлн теңгені құрап, оның ішінде мұнай секторының түсімдері – 4,6 трлн теңге және инвестициялық кіріс – 1,8 трлн теңге болғанын хабарлады. 

2023 жылы Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттер түрінде 4,1 трлн теңге бағытталған. Осылайша 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық қордың таза түсімдері 2,3 трлн теңгені құрады. Нәтижесінде 2023 жылы Ұлттық қордың активтері 26,8 трлн теңгеден 29,1 трлн теңгеге дейін өсті. 

Айта кетейік, Қазақстаның Ұлттық банкі қазан айында Ұлттық қор қаржысына «ҚазМұнайГаз» АҚ акциялары сатып алынғанын хабарлады. Валюта нарығы туралы ақпараттық хабарламада өткен айда республикалық бюджетке трансферт бөлу және ҚМГ акцияларын сатып алу үшін Ұлттық қордан 1,5 млрд АҚШ доллары сатылғаны жазылған.

Ал қараша айында бюджетке трансферт пен ҚМГ акциялары үші Ұлттық қордан $1,32 млрд валюта сатылды

Нәтижесінде ел бюджетіне қосымша 1,1 трлн теңге түскен. Қаржы министрлігінің есебінде бұл қаржы «мемлекет меншігіндегі акциялар пакетінен түскен дивиденд» ретінде көрсетілген. Сарапшылар Ұлтттық қордың қаржысын мұндай тәсілмен алу – «бюджет саясатындағы жағымсыз үрдіс» деп тұжырымдаған еді.

Қаржы министрлігі Ұлттық қорға «ҚазМұнайГаз» акцияларын сатып алуына рұқсат етуге байланысты түсініктеме берді. Министрліктің айтуынша, ҚМГ бағалы қағаздары мен «Самұрық-Қазына» облигацияларын Ұлттық қор ақшасы есебінен сатып алу 2023 жылға арналған бюджеттің кіріс бөлігін орындауға мүмкіндік береді. Өйткені биыл ірі кәсіпорындардан түсетін салық азайып, бюджет кірісі қысқарған. Яғни үкімет бюджет жыртығын жамау үшін Ұлттық қордан бөлінетін нысаналы трансферттерден бөлек, қордан тағы қаржы алудың жолын тапқандай. 

Сондай-ақ оқыңыз