«Бұл – дербес деректерді сақтау ережесін бұзу»: Министр бөгде адамдардың DamuMed-тегі жеке деректерді көруі заңсыз екенін айтады

Жарияланды
Ақпараттық жүйеге заңсыз кіру – Министр бөгде адамдардың DamuMed пациенттерінің дербес деректерін көруі туралы айтты / Үкімет

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният DamuMed пациенттерінің жеке медициналық карталарын бөгде адамдардың қарауын дербес деректер туралы заңнаманы бұзу, ақпараттық жүйеге заңсыз кіру деп атады.

«Науқастың жеке медициналық картасын арнайы рұқсаты мен логин-пароль бар тек учаскелік дәрігер мен медбике көре ғана алады»,– деді министр.

Астанада өткен Денсаулық сақтау министрлігінің брифингінде журналистер DamuMed жүйесіндегі пациенттердің жеке кабинетіне бөгде адамдар кіргені туралы айтып, осы жағдайға қатысты министрден түсініктеме беруді сұрады.

«Бұл – дербес деректерді сақтау ережесін бұзу. Егер ақпараттық жүйеге кіріп, пациент деректерін қарауға рұқсатпен логин-пароль болмаса, бұл ақпараттық жүйеге заңсыз кіру», – деді министр. 

Ғинияттың айтуынша, денсаулық сақтау министрлігінің жүйеге сенбеуіне ешқандай себеп жоқ.

«Жүйе Цифрлық даму министрлігінің ақпараттық қауіпсіздік жүйесінде аттестациялаудан өткен. Біз оған күмән келтіре алмаймыз», – деді министр.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинаят үкіметтегі баяндамасында елде екпе алмағандар қатарының артуына 2015 жылы заңға ата-аналар баласына екпе салдырудан бас тарта алады деген норманың енгізілуі әсер етті деп мәлімдеген еді.

Сондай-ақ оқыңыз