Ұлттық қор балаларға: Балалардың е-gov-тағы деректері жоғалып кетті ме

Жарияланды
Ұлттық қор балаларға: Egov-тағы балалардың деректері жоғалып кетті ме / shutterstock және freepik

«Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ Курсивке берген жауабында Egov mobile қосымшасымен порталындағы жеке кабинеттен балалардың деректері неліктен жоғалып кеткенін түсіндірді.

«Egov mobile-дағы «Отбасы» бөлімі және egov.kz порталындағы балалар жайлы ақпарат азаматтарға ыңғайлы болу үшін алынып тасталды. Қазір барлық балалар жайлы деректерді eGov mobile-дағы «Цифрлық құжаттар» бөлімінен көруге болады. «Цифрлық құжаттар» бөлімі «Менің құжаттарым», «Отбасы» және «Басқа құжаттар» сияқты бөлімдерге бөлінген», – делінген жауапта.

Бұдан бөлек, Акционерлік қоғам Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаржы баланың Egov-қа тіркелгеніне, тіркелмегеніне қарамастан, төленетінін айта кетті.

«Ұлттық қордан қаражат барлық балаларға egov.kz порталында ақпараттың бар немесе жоғына қарамастан төленеді», – делінген жауапта.

Айта кетейік, 16 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қордан балаларға қаржы төлеу туралы заңға қол қойған.

Яғни 2024 жылы 1 қаңтарда Қазақстанда «Ұлттық қор – балаларға» жобасы іске қосылады. Жобаға сәйкес, Ұлттық қордың жылдық табысының 50%-ы арнайы шотқа жіберіледі. Бұл шоттағы ақшаны балалар тек кәмелеттік жасқа толғанда ғана ала алады. Ақшаны алу үшін ата-аналарға шот ашудың қажеті жоқ. Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков жобаға қатысуға 9 банк өтініш бергенін айтты. Олардың барлығы арқылы ақша алу мүмкіндігі болатынын айтқан еді. 

«БЖЗҚ» АҚ басқарушы директоры Мұрат Шәріпов қордағы қаражат доллармен сақталатынын және балаларға доллармен берілетінін айтты.

Жобаны президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған болатын. 18 қарашада парламент заңды қабылдап, президентке жіберген. 2024 жылы 18 жасқа толатын балалар қорға жиналған қаржыны 1 ақпаннан кейін ала алады.  

Сондай-ақ оқыңыз