Қаржы министрлігі Bentley Bentayga автокөлігін кімнен алды, кімге сатты?

Жарияланды

Фото: auto.vercity.ru


Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында журналистер осы сұрақты Қаржы вице-министрі Ержан Біржановқа қойды.

«Бұл автокөлік шілде айында мемлекетке сыйға тартылды және 40 млн теңгеге сатылды. Қымбат автокөлік қандай да бір мемлекеттік органға берілген жоқ, аукцион арқылы сатылды. Ақша бюджетке түсті. Бұл өте дұрыс шешім деп ойлаймын», – деді Ержан Біржанов журналистерге берген жауабында.

ілшілер вице-министрден: «Автокөлікті кімге саттыңыздар?», – деп сұрады. Ол: «Кім сатып алғанын айта алмаймын», – деп тіл қатты.

Естеріңізге салайық, былтыр анонимді донордың мемлекетке құны 83,9 млн теңгеге бағаланған 2017 жылғы Bentley Bentayga автокөлігін сыйға тартқаны жарияланды. Кейін Protenge телеграмм арнасы:

«Алматыда мемлекеттік аукционға қойылған Bentley Bentayga көлігі 46,3 миллионға сатылды. Бұл Bentley 2017 жылғы, салоны былғарыдан жасалған, жағдайы өте жақсы. Оның құны 83,9 млн теңгеге бағаланды. Болжам бойынша, автокөлік Алматыда тәркіленген. Бұл сәнді көлік кімдікі, біз білмейміз. Біз тәркіленген мүлікке қатысты ең танымал істерді тексердік, тек сотталған Тимур Тоқтабаевта ғана осыған ұқсас Bentley көлігі болған. Бірақ бұл ол көлік емес, оның көлігі 2021 жылы шыққан. Қазір көліктің жаңа иесі бар: тәркіленген көлік 46,3 млн теңгеге сатылды. Ақша бюджетті толықтырады», – деп жазды.

Бір қызығы, Қаржы министрлігі Bentley Bentayga автокөлігін мемлекетке кім сыйлағанын жариялаудан да жалтарған. Мемлекеттік мүлік комитеті автокөлік тәркіленбегенін, «сыйға тарту актісімен қабылданғанын» мәлімдеген.

Сонымен қаржы министрлігі Bentley Bentayga автокөлігін кімнен алды, кімге сатты? Бұл – белгісіз. Белгісі Bentley Bentayga автокөлігі мемлекет меншігінен шығарылды, сатылды және жаңа иесін тапты.

Сондай-ақ оқыңыз