Boeing акциялары 9%-ға арзандады

Жарияланды
Boeing
Boeing 737 MAX 9 ұшақтарының ұшуына шектеу қойылды / Фото: kursiv.media

Boeing акциялары алдын ала саудада 9%-ға төмендеді. Бағалардың құлдырауына Alaska Airlines «Boeing 737 MAX-9» ұшағында болған апатты оқиға әсер етті.

Boeing акциялары Нью-Йорк биржасында 9,01%-ға дейін және 226,56 долларға дейін құлдырады. Вoeing ұшағымен болған апатты жағдайдан соң, америкалық реттеуші бұл ұшақтардың АҚШ әуе кеңістігінде ұшуына шектеу қойып, 171 ұшақтың америкалық авиакомпаниялардың пайдалануын уақытша тоқтату туралы шешім қабылдады.

Мәселенің мән-жайы

Өткен жұмада Alaska Airlines компаниясына тиесілі Boeing 737 MAX 9 ұшағы шамамен 5 км биіктікте фюзеляжының бір бөлігін ауада жоғалтып алды. Бұл жағдайдан соң, ұшақ Портленд әуежайына шұғыл қонды. Жолаушылардың ешқайсысы зардап шеккен жоқ. Әуе компаниясы ұшақты Boeing-тен 2023 жылдың қарашасында алған. Компания бұл оқиғаға жауап ретінде қауіпсіздік шараларын талқылау үшін сейсенбі күні арнайы жиналыс өткізетінін мәлімдеді.

Alaska Air Group Inc. жұма күні өз паркіндегі 737 MAX-9 маркалы 65 ұшақты әуеге көтермеді. Салдарынан Alaska Air Group Inc. акциялары 4,5%-ға төмендеді. Ал United Airlines Holdings акциялары 3%-ға төмендеді. Бұл компанияның 79 ұшағы ұшпай қалды.

Қазақстанда Boeing шектеусіз ұша алады

Ал Қазақстанда 5 Boeing 737-9 MAX ұшағы тіркелген және олардың барлығында ұшуға жарамдылық сертификаттары бар. Азаматтық авиация комитетінің хабарлауынша, қазіргі уақытта Қазақстанның авиациялық әкімшілігі еліміздегі осы типтегі ұшақтарды пайдаланушылармен, сондай-ақ Boeing және FAA-мен әрі қарай шаралар қабылдау қажеттілігін бағалау үшін байланыс орнатқан.

Комитеттің түсіндіруінше Қазақстан Республикасының пайдаланушылары әуе кемелеріндегі апаттық шығу есіктерін (апаттық шығу люгімен емес) пайдаланады, сәйкесінше директива осы әуе кемелеріне қолданылмайды.

«FAA ұшуға жарамдылық туралы шұғыл директива шығарды (2024-02-51). Ұшуға жарамдылық директивасы автоматты түрде барлық B-737 MAX пайдаланушыларына қолданылады. Бұл директива орташа кабинаның апаттық шығу люгі орнатылған кез келген санатта сертификатталған Boeing компаниясының B737-9 үлгісіндегі әуе кемелеріне қолданылады», – делінген комитет хабарламасында.

Сондай-ақ оқыңыз