Болат Назарбаевтың қызына тиесілі болған компания Алматы облысы әкімдігінің 37 млрд теңгелік тендерін қалай ұтты – әкімдік жауабы

Жарияланды (жаңартылды )

2022 жылға дейін Болат Назарбаевтың қызы бұл компанияға 49 пайыздық үлеспен иелік етіп келген / Фото: kursiv.media

Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаеваға тиесілі болған «TOLAGAI-2050» ЖШС-нің ашық конкурстан қалай ұтқанын түсіндіріп берді.

Бұқаралық ақпарат құралдары «TOLAGAI-2050» ЖШС-нің Алматы облысының Іле және Жамбыл аудандарындағы суару желілерін қалпына келтіру бойынша 37 миллиард теңгеден астам сомаға тендер жеңіп алғаны туралы жазды. Бұл компания талай рет сотқа тартылып, жосықсыз мердігер атанғанына қарамастан, мемлекеттік конкурстан ұтып шыққан. Аталамыш ЖШС-нің үш бірдей конкурстан жеңіп шығуының сырын Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі былай түсіндіреді.

«TOLAGAI-2050» ЖШС Алматы облысының әртүрлі аудандарындағы суару желілерін қайта құрудан құрылыс-монтаж жұмыстары бойынша үш байқауда жеңімпаз атанды. Әр байқауда бірнеше қатысушылар болды, бірақ «ТОЛАҒАЙ-2050» ЖШС ең төменгі бағаны ұсынып, жеңімпаз деп танылды. Жарыстар адам факторын және жарыс процесіне заңсыз араласу мүмкіндігін болдырмайтын рейтингтік-баллдық жүйені қолдану арқылы өткізілді. Бәсекеге қабілетті бағаға әсер ететін критерийлерге тәжірибе, төленген салықтар, қаржылық күш, өнім сипаттамалары және жеткізуші орналасқан жер жатады. Басқа қатысушылардан немесе ішкі мемлекеттік аудит органдарынан шағымдар мен талаптар түскен жоқ»,– делінген баспасөз қызметінің жауабында.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, Болат Назарбаевтың қызы бұл компанияның құрылтайшысы емес.

«Болат Назарбаевтың қызы 2020 жылдың 29 желтоқсанынан бастап 49 пайыздық үлеспен «TOLAGAI-2050» ЖШС құрылтайшысы болған. Алайда, 2022 жылдың 14 ақпанында ол компанияның құрылтайшылары қызметінен кетті. Яғни, қазіргі уақытта «ТОЛАҒАЙ-2050» ЖШС құрылтайшысы емес»,– делінген баспасөз хбарламасында.

«TOLAGAI-2050» ЖШС-нің аумақтық қауіпсіздікке қандай қатысы бар?

Осыған дейін мәжілісте өткен жиында депутат Айдос Сарым Болат Назарбаевтың қызына тиесілі компанияның жосықсыз мердігерлер қатарында тұрғанын айтқан болатын. Депутаттың айтуынша, бұл компания миллиардтаған тендерлерді жеңіп алғанымен, жүктелген міндеттемелерін сапасыз орындап келген. Бұл ЖШС тіпті еліміздің аумақтық қауіпсіздігімен байланысты нысандарға қатысты конкурстарды да ұтып алған. Алайда мемлекет тапсырысын уақытында орындамаған.

Айдос Сарымның айтуынша, Қазақстанның аумақтық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде 50 шекара заставасын салу жоспарланған. Солайша 2022 жылы 20 шекара заставасын салу бойынша жұмыстарды сатып алуға тендер жарияланады. 53 млрд 894 млн теңгелік тендерді – «Kapital construction» ЖШС және «TOLAGAI-2050» ЖШС ұтып алады. Ол компаниялармен жалпы шарттар да жасалады.

«Жасалған шартқа сәйкес «TOLAGAI-2050» ЖШС 40 млрд 350 млн теңге сомасындағы 15 шекара заставасын салуға тиіс еді. Жұмысты орындау мерзімі 2023 жылғы 31 желтоқсанға дейін белгіленген. Алайда жоғарыда көрсетілген шарт бойынша мерзім өрескел бұзылған. Бұдан басқа, жүргізілетін жұмыстардың сапасы да сын көтермейді. Қолда бар ақпарат бойынша ағымдағы жылдың 1 қазанында «TOLAGAI-2050» ЖШС тек 13 960 млн теңгені игерді, бұл шарттың жалпы сомасының 35%-ы игерілді деген сөз. Осы объектілер бойынша «TOLAGAI-2050» ЖШС шартты орындау мерзімін тағы 9 айға ұзартуды сұрайды, бұл жобаның айтарлықтай қымбаттауына алып келуі мүмкін», – дейді депутат.

Компанияға министрліктің де шамасы жетпей ме?

Аталған компания бұдан өзге де ірі мемлекеттік сатып алуларға қатысып, өз міндеттемелерін дұрыс орындамаған. Мәселен, «TOLAGAI-2050» компаниясының атауы Алматы қаласы мен Павлодар облысындағы суару желілерін реконструкциялау, Сайрам су қоймасындағы механикалық тазарту және т.б. жобалар бойынша жаңалықтарда кездеседі. Депутат келтірген мәліметтерге сенсек, компания 80-нен астам азаматтық және әкімшілік сот тергеп-тексеруіне қатысқан. Оның 10-нан астамы 2023 жылы өткен. Ал Павлодар облыстық соты бұл компанияны міндетін адал орындамайтын компания деп таныған. Бірақ сот шешіміне қарамастан, бұл компанияға білдей бір министрліктің де шамасы келмей отырған көрінеді.

«Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль жолдары комитеті осы жобаның тапсырыс берушісі бола отырып, оған толық заңды негіздері болса да, осы күнге дейін шартты бұзу жөнінде шешім қабылдамаған. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 627-бабына сәйкес, егер мердiгер шартты орындауға уақытылы кiрiспесе немесе жұмысты соншалықты баяу орындап, оны мерзiмiнде аяқтауы мүмкiн болмаса, тапсырысшы шарттан бас тартуға және шеккен залалдарын өтеудi талап етуге құқылы», – дейді Сарым.

Депутат Болат Назарбаевтың қызының атышулы компанияның құрылтайшысы болып келгенін де атап өтті.

«2022 жылғы 3 ақпанға дейін осы компанияның құрылтайшылар тізімінде қазіргі марқұм Болат Назарбаевтың қызы Ақбота Назарбаева болғанын атап көрсетеміз. Шекара заставаларын салу – елдің аумақтық қорғанысын қамтамасыз етудің негізгі бөліктерінің бірі. Құрылыс мерзімдерінің бұзылуы – елдің аумақтық тұтастығын бұзу, есірткі тасымалы мен басқа да тыйым салынған өнімдердің заңсыз айналымы, жеке тұлғалардың Қазақстан Республикасының аумағына заңсыз көшіп-қону қаупінің артуына алып келуі мүмкін. Осыған байланысты, Сізден осы жоба бойынша «TOLAGAI-2050» ЖШС-қа қатысты тергеп-тексеру жүргізуді және Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қажетті шараларды қабылдауды сұраймыз», – деді депутат.

Сондай-ақ оқыңыз