Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов 13 адамның қаза болуына әкелген Almaty Hostel-індегі өртке себеп болған жағдай жайлы айтты. Министрдің айтуынша, бірінші себеп – қысқа тұйықталу, екіншісі – сөндірілмей қалған темекі немесе сіріңке болуы мүмкін.
Өрттің шығу себебі. ТЖ министрінің айтуынша, құтқарушылар өрттің шығуының екі нұсқасы бар. Біріншісі, тамақтану блогындағы жарықтандыру жабдығындағы қысқа тұйықталу салдарынан сымдардың қызып балқуына әкелген болуы мүмкін. Ал тағы бір нұсқада сөнбей қалған темекі тұқылы мен сіріңке салдарынан өрт шыққан болуы мүмкін.
«ТЖМ өз жұмысын аяқтады. Тілсіз жаудың тұтануына бірнеше нұсқа бар. Мұның барлығын тергеушілерге бердік. Енді біздің ұсынған ақпаратқа нақты көз жеткізу үшін тергеу органдары Әділет министрлігімен бірлесіп жұмыс істейді. Сосын тергеу шаралары біткеннен кейін, өздерінің жауабын береді», – деді министр үкіметте өткен брифингте.
Контекст. 30 қарашада Алматыда хостелде өрт шығып, құтқарушылар оқиға орнынан 13 адамның денесін алып шыққан.
Министрлік хабарламасында, 30 қараша таңғы сағат 05:33-те Әди Шәріпов көшесінде өрт шықты деген хабар келіп түскені айтылған.
Алғашқы өрт сөндіру бөлімі оқиға орнына 7 минутта жеткен. Бұл уақытқа дейін тілсіз жау үш қабатты үйдің жертөлесіне өтіп кеткен. Ғимараттың жертөлесімен бірінші қабатында хостел болған.
Өрттің жалпы аумағы 25 шаршы метр жерді алды. Құтқарушылардың алдын ала болжамына сәйкес адамдар көміртек газбен уланған болуы мүмкін екені айтылды.
Кейін Алматыдағы өртенген хостел ғимараты Халық банкке тиесілі екені белгілі болды. Бұл туралы Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Әкімдік берген ақпаратқа сүйенсек, хостел бар болғаны бір жарым жыл бұрын ашылған.
«Ғимарат Халық банкке тиесілі. Кепілдегі ғимаратты банк жалға берген»,– делінген әкімдік хабарламасында.
Хабарламаға сүйенсек, ғимаратты банк бұрын қарыз өтемеген бұрынғы қожайындарынан алып қойған.