Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев президентке, Qarmet кәсіпорнындағы қазіргі жағдай және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары туралы баяндады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Президент Қарағанды облысының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есебін тыңдаған.
«Ермағанбет Бөлекпаев жаңа инвестордың өндірісті тұрақтандыру және оның көлемін арттыру бағытында қабылдап жатқан шаралары, сондай-ақ өндірісті жаңғырту және компания жұмысшыларының еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары жөнінде мәлімет берді»,- делінген хабарламада.
Облыс әкімінің баяндамасында былтыр 11 айдың ішінде өңірдегі өнеркәсіп өнімінің көлемі 3,1 трлн. теңгені құрағаны, негізгі капиталға салынған инвестиция 16,3 пайызға артып, 727 млрд. теңгеге жеткені айтылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев облысты одан әрі дамыту және тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту жөнінде бірқатар тапсырма берген. Сондай-ақ Qarmet компаниясына қарасты нысандардағы жағдайды ерекше бақылауға алу қажет екенін атап өтті.
ArcelorMittal Temirtau компаниясына қарасты Костенко шахтасында 46 кеншінің өмірін жалмаған жарылыстан кейін, Президент Үкіметке АрселорМиттал компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырған болатын.
Бұл оқиғадан соң АМТ мемлекетке қайтарылатын болды. 8 желтоқсанда Үкіметте өткен жиында Өндіріс және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа акционерін жария етті. Ол жаңа инвестор Allur автоконцерні директорлар кеңесінің басшысы және акционері Андрей Лаврентьев екенін айтты. ArcelorMittal Temirtau компаниясының жаңа инвесторы Андрей Лаврентьев жаңа компания құрып, мәмілеге қажетті қаражатты AIX биржасында тартты. «АрселорМиттал Теміртау» активтері 286 млн долларға сатып алынды. Қарағанды металлургиялық комбинатының жаңа иесіне қатаң талап қойылған болатын.
«АрселорМиттал Теміртау» компаниясының атауы ресми түрде «Qarmet» болып өзгерді. Компанияны Вадим Басин басқарады. Вадим Басин маусымда «Казахстанская» кенішіндегі апатты жою жөніндегі штабты басқарды. Бұған дейін шенеунік «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-да 18 жыл жұмыс істеп, компанияда атқарушы директор лауазымына дейін көтерілген.
Qarmet-тің жаңа басшылығы «АрселорМитталТеміртау» бұрынғы инвесторының қарыздарын өтеді. Сондықтан кеншілер медициналық сақтандыру мен зейнетақы жарналарымен қамтылды.