Петропавлдағы ЖЭО-ның қисық қаланған мұржасы іргетасына дейін бұзылады

Жарияланды
мұржаның құрылысы
Петропавлдағы жылу электр станциясындағы мұржаның құрылысы 1 сәуірде қайта жанданады / Фото: facebook.com/sevkazenergo

Петропавлда қисық қаланған мұржа іргетасына дейін бұзылып, қайта салынады. Бұл жайлы «СевКазЭнерго» АҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Қисық мұржаны қайта қалау туралы шешім Жобалау институтының сараптамалық қорытындысынан кейін қабылданған.

«Тік осьтен ауытқуға әсер еткен конустық сырғанау қалыптарында ақау табылғанынына байланысты 08.08.2023 жылдан бастап «Севказэнерго» кәсіпорнының мамандары мердігерге мұржа құрылысы бойынша одан әрі құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге тыйым салды. Барлық есептеуді аяқтаған соң, мұржа құрылысы жобасының авторы «Севказэнергопром» ғылыми-өндірістік компаниясы» ЖШС ресми қорытынды берді»,– делінген баспасөз хабарламасында.

Жобалау институтының сарапшылары мұржа осьтен ауытқымауы үшін іргетасқа бекітілген темірбетонды қабықшаны бұзуды ұсынған. Мамандар іргетастың арматураларын сақтай отырып, демонтаж жасау арқылы уақыт пен еңбек шығындарын азайтуға мүмкіндік туады деп санайды. Бұл жұмыстар осы жылдың 1 сәуірінен басталмақ.

«Жобалау институтының қорытындысы бойынша 2024 жылдың 1 наурызына дейін мұржа шахтасының жөнделген бөлігін демонтаждау жұмыстарын аяқтаймыз. Содан кейін «ТеплоХиммонтаж» АҚ қосалқы мердігерімен бірлесе отырып, 1 сәуірден бастап ауаның орташа тәуліктік температурасы +5С-қа жеткен кезде, қосалқы мердігердің технологиясы бойынша мұржаның одан әрі құрылысын бастаймыз. Бұл ретте, мұржаларды салу мерзімі де, жобаның қаражаты да өзгеріссіз қалады. Осылайша 2024-2025 жылдардағы жылыту маусымына дейін дайын боламыз», – дейді «Қазтеплоспецстрой» ЖШС бас директоры Константин Бигожин.

Компанияның хабарлауынша, мұржаның құрылысы Петропавл ЖЭО-2 қайта құру және жаңғырту жөніндегі инвестициялық бағдарламаның келесі кезеңінде жүзеге асырылады. Сондай-ақ толығымен «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ және акционерлердің қаражаты есебінен қаржыландырылады.

Мұржаның құрылысы аяқталған соң, оған станциядағы 12 қазандықтың жетеуін қосу жоспарланған.

Еске сала кетсек, тамызда Клебановқа тиесілі ЖЭО-2 мұржасы қисық тұрғызылғаны туралы хабарланды. 8 тамыз күні «СЕВКАЗЭНЕРГО» АҚ-ның жаңа түтін мұржасының құрылыс-монтаждау жұмыстарының сапасын қадағалауды қамтамасыз ететін жауапты қызметкерлері құбыр осінің жобалық позициядан ауытқуын анықтаған. Сол кезде бұл нысанның құрылысын жүргізген мердігер компания – «ҚазтеплоСПЕЦСТРОЙ» ЖШС-і құрылыс жұмыстарының аз уақытта қайта қалпына келетінін айтқан.

Бұл олигарх Клебановтың бақылауындағы энергетикалық нысандарда соңғы 1,5 жылда болған жалғыз оқиға емес. 2022 жылдың қараша айының аяғында қатты аязда Екібастұз жылусыз қалды. Бұл ЖЭО да Клебановқа тиесілі.

20 наурызда олигарх Клебанов басқаратын Петропавл қаласындағы ЖЭО-2-де үш мұржаның бірі жартылай опырылып, салдарынан бір жұмысшы үйінді астында қалып қаза тапты.

Ал СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Петропавлдағы ЖЭО-2 осы жылдың жылыту маусымында іске қосылатынын айтты. Әкім сонымен бірге мұржаның демонтажы мен құрылысына мемлекеттік бюджеттен қаражат жұмсалмайтынын мәлімдеген болатын.

Әкім түтін мұржасы 180 метрге дейін көтеру керек болғанын, бірақ 36 метрге жеткенде мұржа осінен ауытқып кеткенін айтты.

«Бірақ жұмыс графигі бар. Қазіргі мұржаны бұзу жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер компания демонтаж жұмыстарын 21 метрге дейін жасап, лабораториялық шешімдерді күтеді. Лабораториялық зерттеулер жүргізілген соң, мұржа нөлдік деңгейге дейін бұзыла ма, әлде сол 21 метрден құрылыс жұмыстарын ары қарай жүргізе ме белгілі болады. Оның 12 млрд теңге қаражаты бар. Ол мұржаға бюджеттен қаражат бөлініп жатқан жоқ. Құрылыс жұмыстары инвесторлардың өз қаражатына жүргізіліп жатыр»,- деген болатын әкім.

Сондай-ақ оқыңыз